RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысының тұрақтандыру қоры толтырылды

13.11.2025, 08:40 410

Жетісу облысының тұрақтандыру қорына 10 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алынды, деп хабарлайды 24KZ. «Бұл былтырмен салыстырғанда 15-20 көп», – дейді саладағылар. 19 түрлі өнім қара күзден жаз шыққанша бекітілген бағада сатылымға шығарылады.

Ескендір Жайлығұлов әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен 5 жылдан бері жұмыс істейді. Шаруа көктемде берілген пайызсыз несиеге пияз бен сәбіз еккен. Жиын-терін науқанын аяқтаған ол көкөністі келісімге сәйкес қоймаға өткізді.

Ескендір Жайлығұлов, шаруашылық жетекшісі:

- 6 гектардай жер егіп, 631 тоннадай өнім алдық. Өзіміздің келісіміз бар, келісімізмізбен кіргізіп бердік. Сәбізден 8 га егілді. Одан 400 тоннадай өнім алынып, қоймаға кірілді. Келесі жылға жуаны 10 гектарға 500 тоннаға шығарсақ, сәбізден 500-600 тоннадай өнім көбейтсек пе деген жоспардамыз.

Тұрақтандыру қорындағылар өңірдегі 5 ірі шаруа қожалықтың басшысымен өзара келісім жасап, өнім қабылдауға уағдаласқан.

Жетісу облысының тұрақтандыру қорына қарасты мынандай қоймаларға биыл 4,5 мың тоннадан аса көкөніс әкелінді. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат қазан айынан бері жергілікті нарыққа шығарылып жатыр. Өнім сәуір айына дейін бекітілген бағада саудаланады.

Көкөніспен қатар күріш, май, ұн, тұз сынды 19 түрлі өнім тұрақтандыру қорына алынған. Биыл облыс бойынша 9500 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сақталады.

Бақтияр Сембеков, «Жетісу» ӘКК департамент директоры:

- Былтырмен салыстырғанда азық-түлік қоры 15-20% көбейді. Бұл әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру барысында өзінің оң нәтижесін береді деп күтіп отырмыз. 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 16-сын жергілікті Жетісу облысының тауар өндірушілерінен аламыз.

Талдықорған қаласында жеті әлеуметтік дүкен бар. Тұрақтандыру қорынан алынған өнімдер сол жерде сатылып жатыр.

Людмила Хрипунова, қала тұрғыны:

- Бұл әлеуметтік дүкенге үнемі келіп азық-түлік алып тұрамын. Себебі бұл жерде арзандау. Базармен салыстыратын болсам, айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл біз сияқты зейнеткерлерге өте қолайлы.

Марина Бүбі, қала тұрғыны:

- Көпбалалы болғандықтан, осы жерге келіп, арзандау аламыз. Салыстырмалы түрде май өте арзан. 5 литрің 2500 теңге шамамен. Былай алсаң, 4000 бірдеңеден аласың. Бізге көмек көп.

Келесі жылы өңірде тағы 5 әлеуметтік дүкен ашылады. Сол арқылы саладағылар арзан бағадағы азық-түлікті аудандарға да жеткізуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz