RU
Толық нұсқаға өту

Мүгедектігі бар азаматтардың еркін жүріп-тұруы ойластырылған ба?

13.11.2025, 13:50 276

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шектелген. Салада салғырттық көп. Тексеріс жүргізген халықты әлеуметтік қорғау мамандары мен прокурорлар бірқатар заңнамалық ережелердің бұзылғанын анықтады. Сәйкесінше мүгедектігі бар азаматтардың емін-еркін жүріп тұруы қарастырылмаған, оңалту шаралары тиісті деңгейде орындалмаған болып шықты. Тақырыпты Шерхан Абзалұлы толықтырады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта құрамыз деп жүргенде кей мекемелер олардың мүмкіндігін одан әрі шектеп жүрген екен. Мамандар жыл басынан бері 853 рет тексеріс жүргізіп, 3 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады. Бірқатары ескертумен құтылып, енді бір бөлігіне 67 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мерей Қадышев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшы:

- 1595-і мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құрмау фактісі бойынша анықталған бұзушылықтар. 1146-сы мүгедектігі бар адамдардың оңалту барысын орындамау фактісі бойынша. Қалғаны мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік көмек көрсету саласындағы түрлі бұзушылықтар болып саналады.

Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – жалпыға ортақ парыз. Жылына бір мәрте жүргізілетін тексеріспен жауаптыларды тезге салу жеткіліксіз. Көмекке мұқтаж жандарға қолжетімділік, арнаулы қызмет сынды талаптардың орындалуын кез келген азамат бақылауға құқылы. Ережені елемегендерге шағымдану арқылы ережелердің орындалуына үлес қоса аласыз.

Мерей Қадышев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшы:

- Кез келген азамат әлеуметтік нысандарда мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құрмау фактісі бойынша Е-өтініш арқылы немесе аумақтық департаменттерге тікелей жүгіну арқылы арызын қалдыра алады. Айыппұл көлемі 50-ден 400 АЕК арасында.

Мәжіліс мінберінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтеріп жүрген депутат Таңсәуле Серіковтің айтуынша, тапсырмалардың орындалу жүйесінің тиімсіздігі кемшіліктерге себеп.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші мәселе абилитациялау, реабилитациялау бағдарламасы бойынша. Екіншісі, мүгедектер үйінде болып жатқан жағдай. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламасы бар. Оның тиісті квотасы бар. Бірақ, өкінішке қарай, жеме-жемге келгенде мүгедектігі бар азаматты жұмысқа алмайды.

Дегенмен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңбұзушылықтар саны соңғы жылдары айтарлықтай азайғанын көруге болады. 2023 жылы 8 мыңнан астам ереже бұзылса, былтыр оның саны 7 мыңға жуықтаған. Салынған айыппұл көлемі 230 млн теңге. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz