Павлодар облысында қыста 20 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 188 жылыту пункті дайын, деп хабарлайды 24KZ. Боран күндері жолда қалғандар осы орындарды уақытша паналайды.
Жалпы қыс маусымында төтенше жағдайдың алдын алу және зардабын жою жұмыстарына 3 мыңға тарта адам мен 1000 астам арнайы техника жұмылдырылады. Кенжекөл ауылында өткен «Қыс-2025» оқу-жаттығуында азаматтық қорғаныс қызметтерінің дайындығы тексерілді. Жедел штабтардың жұмысы, өзара коммуникация, хабарландыру жолдары және материалдық резервті басқару шаралары пысықталды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасының салдарын жою, боран кезіндегі әрекеттер, жылыту пункттеріне орналастыру және энергетикалық нысанды қалпына келтіру жұмыстары бойынша төрт негізгі сценарий орындалды.
Тілекжан Галямов, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:
- Оқу-жаттығудың басты мақсаты – қысқы кезеңдегі орын алған төтенше жағдайларды жою, одан басқа азаматтық қорғаныс жүйесіне қатысты жеке құрамды шыңдап, кәсіби біліктілігін арттыру. Сценарий бойынша «Павлодар –Майқапшағай» автожолында автобустың қатысуымен жол-көлік апаты орын алды. Адамдар шығып, адасып кетті, оларды іздестіру жұмыстарын жасап, тауып, жылыту пункттеріне орналастырды.
Айта кетейік, 2 күн бұрын Павлодар облысының құтқарушылары мен полицейлері Май ауданы Қаратерек ауылының маңында бұзылып қалған автобустың жолаушыларын қауіпсіз жерге жеткізген еді. Семей қаласынан Шымкентке бағыт алған автобуста Өзбекстан азаматтары болған. 36 жолаушының 13-і бала. Жауын-шашында жолда қалған шетелдік жолаушылар шұғыл түрде жылыту пунктіне орналастырылып, жатын орын және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Тегтер #Павлодар облысы #төтенше жағдай қызметі #қысқа дайындық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz