Алматыда есту қабілеті бұзылған балаларға арналған екінші халықаралық «Әлемнің дыбыстары» музыкалық фестивалі өтті.
7 елден келген 35 бала сахнада өнер көрсетті. Оларды қазылар алқасы бірнеше ай бойы іріктеген. Қатысушылар айналаны кохлеарлық импланттың көмегімен естиді.
Жеткіншектердің сахнада өнер көрсетуінің өзі жетістік. Бұл-ата-ананың табандылығы мен білікті дәрігерлердің арқасы. «Әлемнің дыбыстары» музыкалық фестиваліне жолдама алған жасөспірімнің бірі – қостанайлық Шыңғыс Ағыбаев. Үш жасында естуден қалады. Төрт жасында құлағына кохлеарлық имплант орнатылады. Заманауи медициналық технология болмаса, ыммен ғана сөйлесетін еді.
Шыңғыс Ағыбаев, Музыкалық фестиваль қатысушысы:
- Кохлеарлық импланттың арқасында есту қабілетім қалпына келді. Білімге ден қойып, шет тілін үйрендім. Музыкаға қызығушылығым артып, «Сиқырлы симфония», «Әлемнің дыбыстары» сынды фестивальдерге қалмай қатысып келемін.
Фестивальдің мақсаты қиындыққа тап болған балалар мен ата-аналарды жігерлендіру. Ән айту - бұл тек шығармашылық емес, ол операциядан кейін оңалтудың тиімді жолы. Ол естуді, сөйлеуді, қозғалысты және эмоцияны біріктіреді.
Светлана Сұлтанғазиева, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ проректоры:
- Қазақстан бойынша осындай 500 ота жасаймыз. Соның ішінде 200-ге жуық отаны біздің университеттің клиникасы жасайды. Бүгінгі шараға қатысып отырған баланың өзі бір жеңімпаз деп ойлаймыз. Бүгінгі деңгейге жету үшін әрбіреуі деген туғаннан бастап ұзақ жол өтіп келді.
Кохлеарлық имплант орнату операциясы елімізде 2007 жылдан бастап жасалып келеді. Ол әрбір отандасымыз үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін жасалады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz