Қарағанды облысында жыл басынан бері 824 жол апаты болып, жүзден астам адам көз жұмды. «Сондықтан апаттың алдын алу керек», - дейді мамандар. Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күніне орай, өңірде «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» өтіп жатыр. Шара аясында тұрғындарға жол ережелері туралы ақпараттық-насихат жүреді. Президент те Жолдауында жолдағы қауіпсіздікті күшейтуді айтқан еді.
Облыста 10 айда 133 адам жол апатынан көз жұмған. Мыңнан астам адам жарақат алды. «Бұл алаңдатарлық мәселе», - дейді тәртіп сақшылар.
Бекзат Сәулембаев, Облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Күн сайын елімізде көптеген жол-көлік оқиғалары орын алуда. Өкінішке орай соның салдарынан азаматтарымыз жарақаттанып, кейбір жағдайларда адам шығынына әкеліп отырады. Біз әр азаматқа жолдағы қауіпсіздік әркімнің жеке жауапкершілігінен басталатынын ескертеміз.
Облыстағы жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға жол ережелері туралы айтылып, жүргізушілерге жадынамалар таратылды. Сондай-ақ полицейлер мен еріктілер жол апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырды. Сергей Олейник тұрақты донорлардың бірі.
Сергей Олейник, қала тұрғыны:
- Кейде маған донор болуымды сұрап хабарласады, мен келіп қан тапсырамын. Анам мен әкем де осылай істейтін. Адамдарға көмектесу - біздің отбасылық құндылыққа айналған. Егер менен жол апатына түскендерге қан керек деп сұраса, міндетті түрде келемін, қолымнан келгенше көмектесемін.
Орталыққа күн сайын 60-қа жуық адам келіп, 30-40 литр қан тапсырады. Бұл ауруханаларды уақытылы қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге көмектесуге мүмкіндік береді.
Даяна Қайырбекова, облыстық қан орталығының дәрігері:
- Жалпы бұл акция жыл сайын өткізіледі. Донорлар саны артып жатса қуанамыз. Кейде науқастар үшін қан жетіспейтін кездер болады. Сондықтан бұл өте үлкен қайырымды іс. Қан тапсырған адам өзгеге өмір сыйлайды.
Облыста жолдарды қысқа дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қар бөгейтін қоршаулар орнатылып, көпірлер жөнделді. Жол бойында ауа райы және жолдың жабық учаскелері жөнінде ескерту жасайтын ақпараттық тақталар орнатылды. Жылыну пункттері жабдықталып, көктайғаққа қарсы 2600 тонна тұз аралас құм әзірленген.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #жол қауіпсіздігі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz