RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында шеберханалар жаңғырды

16.11.2025, 09:40 345

Биыл Қызылорда облысында бес мыңнан астам түлек жұмысшы мамандығын таңдады. Кейінгі жылдары бұл салаға бет бұрған жастар қатары айтарлықтай артып келеді. Бүгінде заманауи технологиялар барлық салаға қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Соған сай колледждердің оқу-өндірістік шеберханалары да жаңа құрал-жабдықтармен қамтыла бастады. «Осы өзгерістер жастардың жұмысшы мамандығына деген көзқарасын өзгертті», - дейді жауаптылар.

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің түлегі Әбілбай Олжабек бүгінде өзі білім алған оқу орнында қызмет атқарып келеді. Ол екі жыл бұрын «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша колледжді тәмамдаған. Студент кезінде республикалық World Skills кәсіби шеберлік чемпионатында екі мәрте жеңімпаз атанған Әбілбайдың біліктілігі жоғары бағаланып, колледж басшылығы оны жұмысқа қабылдады. Қазір ол студенттерді алдағы кәсіби сайыстарға дайындауда.

Әбілбай Олжабек, техник-бағдарламашы:

- World skills тапсырмасы шықты, соған студент дайындап жатырмын, қазіргі уақытта. Осы жылы тағы да барамыз. Әрі қарай графикалық дизайн бойынша студенттерді үйретіп, орын алуға тырысамыз. 

Колледж студенттері түрлі кәсіби шеберлік байқауларына жыл сайын қатысады. Графикалық дизайннан бөлек, автослесарь, кірпіш қалаушы, дәнекерлеу мамандықтары бойынша үздіктер қатарынан көрінген. «Бұл жетістіктерге оқу орнындағы барлық шеберхананың соңғы жылдары заманауи үлгіде жабдықталуы септігін тигізді», - дейді мамандар. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мына техникаларды колледж «Жас маман» бағдарламасы бойынша сатып алған. Қазіргі уақытта студенттер теория мен тәжірибені ұштастыруға мол мүмкіндік алды. Көктемгі дала жұмыстары кезінде де дәл осы тракторлардың көмегін жер жырту жұмыстарына қатысқан. 

Мадияр Орынбасар, студент:

- Май алмастыру, суының өлшемін көру, күнделікті техникалық қызмет көрсету. Осы техниканы қалай жүргізу керек, қалай жөндеу керек, соны үйреніп жатырмыз. Алдағы уақытта жарыстар болады, соған дайындалып жатырмыз. 

Арман Мұсаев, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің директоры: 

- Канададан, Германия, Ресей, Польша, Чехия, Қытай, Беларуссия секілді мемлекеттерден заманауи құрал-жабдықтар мен техникалар алынды. Қазіргі таңда Арал ауданы, Қазалы ауданы, Қармақшы ауданынан осы жұмысшы мамандықтар, механизаторлар, тракторист-машинистер, автослесарьлер біліктілігін көтеріп, сертификатталып жатыр. 

Мамандардың айтуынша, жасанды интелект, дрон, робототехника секілді жаңашылдықтар жастардың қызығушылығын арттырып отыр. Мысалы, биыл өңірде бес мыңнан астам түлек жұмысшы мамандығын таңдаған. Өңірде 19 колледжде 45 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар даярлануда. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz