Алматы облысында «SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында мыңнан астам заңсыз есірткі жарнамасы жойылды.
Көшелерді граффиттер, QR-кодтар мен Telegram сілтемелерінен тазартуға еріктілер, студенттер және жастар ресурстық орталықтарының белсенділері атсалысты.
Жастар арасындағы нашақорлық, суицид, құмар ойындар мен буллингтің алдын алуға бағытталған «SAQTAN» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асуда. Соңғы алты айда бастама 3,5 мыңнан астам жасты қамтыған. Жобаның мақсаты - тәуекел тобына өтіп кету қаупі бар жастардың жолын бөгеп, оларды қолдау және сауатты ақпарат беру.
Әділет Айтқазы, «Paryz» ерікті жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Нашақорлық, суицид, буллинг, лудомания және зиянды әдеттердің алдын алу бойынша жастар арасында осындай үлкен жобаны ұйымдастырдық. Бұл жобаның аясында біз ең бірінші семинарлар өткіздік. Осы зиянды әдеттердің алдын алу бойынша және аулақ болу үшін жастардың семинарларын өткіздік.
Жоба алты негізгі бағыттан тұрады. Әр бағыт нақты мақсатты топқа бейімделген. Спорттық шаралардан бастап, психологтар, наркологтар және құқық қорғау қызметкерлері қатысатын семинарлар, көшедегі заңсыз жарнамаларды жою бойынша акциялар ұйымдастырылды.
Алтын Темирғалиева, Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының Маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Қазір профилактикаға үлкен мән береміз. Халыққа есірткі тұтыну мен тарату үшін қандай құқықтық және қылмыстық жауапкершілік барын түсіндіреміз.
Меруерт Тілек, ерікті:
- Ең ауқымды семинардың бірі Талғар ауданында болды. Ол кезде біз арнайы наркологиялық диспансерге барып, сол жерде белсенділермен бірге қалай емделетінін көрген болатынбыз.
Облыста 430 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – өңір халқының 28 пайызы. NEET санатындағы азаматтар - яғни, оқымайтын, жұмыс істемейтін және әлеуметтік қолдаудан тыс қалған жастар - жалпы көрсеткіштің 6 пайызы. «Сол себепті жастармен профилактикалық жұмысты күшейту өңір үшін аса маңызды» - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #Еріктілер #Заң мен тәртіп #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz