RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысында тасқынға қарсы дайындық күшейді

19.11.2025, 16:54 334

Жетісу облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аймақ мамандары қауіпті учаскелерді бақылауға алып, алты өзеннің жағалауын бекіту және арналарын тазарту шараларын қолға алды. 

Сақтық шаралары әсіресе елді мекендер мен саяжай алаптарында күшейтілген. Талдықорған маңындағы Үйтас, Мерекелік және Қызылтас саяжайларында жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп жаңа бөгет тұрғызды.

Мерекелік саяжайы қос өзеннің қосылған тұсында орналасқан. Қаратал мен Балықты тасыған сайын елді мекеннің іргесін су шаятын еді. Биыл аталған аумақтағы жағалау биіктетіліп, 230 метрлік бөгет тұрғызылды. 

Нұрлыбек Әбдіислам, мерекелік саяжайының тұрғыны:

- Жылда көктемде қар қалың жауғанда үнемі тасқын болып тұратын. Үйдің маңайына дейін келетін. Қазір тас төгіп жағалауды биіктеткеннен кейін біз енді алаңсыз болатын болдық. 

Әр көктемде Қаратал өзенімен секундына 80 текше метр су ағады. Бұл - орташа көрсеткіш. Қар қалың түссе деңгейі одан да көтеріле түседі. Қауіптің алдын-алу мақсатында ағын судың арнасы кеңейтіліп, тасқынмен келген тастар шығарылып жатыр. 

Ақжол Әбдуәли, мердігер мекеме өкілі:

- Нөлдік бекеттен бастап алты, жеті жүз метр жасадық. Қалғаны сонша қалды. Жаңа жылға дейін бітіруге тырысамыз. 

Александр Левин, қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы:

- Қаратал өзенінің бойындағы тоғыз жерде жағалау нығайтылып жатыр. Үш мыңнан аса адам тұратын Үйтас саяжайын аяқтадық. Ал Мерекелік пен Қызыл тастағы жұмысты биыл бітіреміз. Қазір жоспарланған шаралардың 70 проценті жасалды.  

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысында биыл алты өзеннің арнасы тазаланып жатыр. Сала жауаптыларының жоспарына сәйкес 35 шақырым жағалау бекітіледі. Қауіпті деп танылған аймақтағы жұмыстар биыл атқарылса, алдын-алу мақсатындағы шаралар келесі жылға қалдырылмақ. 

Өзендерден бөлек магистральді каналдар да тазаланып жатыр. Биыл Алакөл, Ескелді, Ақсу, Қаратал, Көксу аудандарындағы тоғандардың су өткізу мүмкіндігі еселеп артады.  

Ринат Тазабеков, Облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- 26 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жергілікті атқарушы органдармен Төтенше жағдай департаментінің үйлестіруімен 22 су тасқынына қарсы іс шара жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда оның тоғызы аяқталды. 11 аяқталу сатысында. Екеуі ауыспалы келесі жылы аяқталатын болады.

Жетісу облысында су басуы мүмкін деген елу шақты елді мекен анықталған. Төтенше жағдай қызметкерлерінің мәліметінше, соның 46-сында қауіп сейілді, екі ауылда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz