Алматыда білім сапасын арттыру, мектептерді бір ауысымға көшіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта «Келешек мектептері» ұлттық жобасының үлесі зор. Нақтырақ айтсақ, осы оқу жылында 21 мектеп салу жоспарланған. Соның 13-ші биыл күзде пайдалануға беріліп, 23 мың оқушы заманауи сыныпта білім алып жатыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №221 мектеп 2500 оқушыға арналған. Қазір мұнда 2200 бала білім алып жатыр. Нәтижесінде Наурызбай ауданындағы бірнеше білім ошағы бір ауысымға ауысыпты. «Келешек мектептерінің» білім берудегі мүмкіндігі жоғары», - дейді ұстаздар.
Арнагүл Мәлікова, №221 жалпы білім беретін мектеп директоры:
- Білім алуларына барлық мүмкіндік жасалған. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Атап өтсек, бізде робототехника, SТЕМ, сонымен қатар барлық оқу кабинеттері физика, химия сол кабинеттердің барлығында оқушыға қажет құрал-жабдықтың барлығы орнатылған.
«Келешек мектептері» білім берудегі озық стандартпен жасақталған. Мысалы, Алатау ауданындағы №222 мектептегі сыныптар да қажетті құралдармен жабдықталған. Зертханалардан өзге асхана, спорт залы, кітапхана да заманға сай жасалған. Ата-аналар мен оқушылар дән риза.
Ақнұр Нұрәлиева, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Келешек мектептері бір аусымда жұмыс істейді. Екінші аусымда балалар қосымша үйірмелерде тәрбиеленеді, деп айта аламыз. Барлық кабинеттеріміз қосымша үйірмелердегі жаңа жабдықтармен, жаңа технологиялармен жабдықталған. Балалар өздерінің өтініштеріне қарай екінші аусымда сол жерде қосымша тәрбиеленеді.
Зәулім мектептің бірі Медеу ауданында да ашылды. Алматы әкімдігі оларды қаланың шеткері бөліктерінде салуға ден қойып отыр. Бұл балалардың орталыққа ағылмай, өзі тұратын жерде сапалы білім алуына жол ашады. Қалада тағы сегіз «Келешек мектебі» бой көтеруде. Келесі жылдың басында 12 мыңға жуық бала оқуын жаңа мектепте жалғастырады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев
Тегтер #Алматы #ауысым #білім сапасы #Келешек мектептеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz