Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында «Батыр» президенттік полкі жас сарбаздарының әскери ант беру рәсімі өтті.
Салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары және Алматы қаласының тұрғындары қатысты. Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 100 жас қабылданды. Олар, бойы 180 сантиметрден жоғары, орта білімді, денсаулығы мықты, психологиялық тұрақты болуы керек, деген талаппен іріктелген. Бұл талаптар – ел Президентін, мемлекеттік нысандарды және стратегиялық объектілерді күзететін арнайы полк үшін маңызды көрсеткіш. Сарбаздар Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігін қорғауға, әскери борышын адал өтеуге ант берді. Рәсім барысында жас әскерилер ұрыс тәсілдерінен қойылым көрсетіп, өз шеберліктерін паш етті. Ал өнерпаздар әскери рухты көтеретін патриоттық әндерді орындады. Салтанат соңында жаңа сарбаздар отбасымен қауышып, естелік суретке түсті.
Ақжол Әбілахатов, қатардағы жауынгер:
- Біз бұған дейін терең медициналық, психологиялық тексерістерден өтіп, мандаттық комиссияның шешімімен осы Алматы қаласындағы 0111 әскери бөлімі «Батыр» президенттік полкінде қазіргі уақытта өз мерзімді әскери қызметімді өтеп жатырмын.
Медет Елемесов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштер штабы бастығының орынбасары:
- Мемлекет алдында тұрған тапсырмамыз ол жаңағы Қазақстан Республикасының рәміздерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да протоколдық іс-шараларды орындау, нысана, обьектілерді қорғау мәселелеріне кіріседі.
Тегтер #Алматы #батыр #президенттік полк #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz