Елордада әлемдік үздік технология үлгілері жиналды.
Бүгін Астанада халықаралық STEM олимпиадасы мен Роботтар Шайқасы өтіп жатыр. бұл деңгейдегі форумды Қазақстан бірінші рет қабылдап отыр. Осылайша, еліміз білім берудің озық үлгісін паш етуде.
STEM Олимпиада оқушылар үшін ерекше қуаныш сыйлайды. Қазір балғындар жеңіс үшін барын салып жатыр. Себебі олар бұл жарысқа үлкен іріктеуден өтіп келді. Енді үш күн бойы қатысушылар робототехника, бағдарламалау, инжинерия және 3D-моделдеу бойынша жобаларын қорғайды. Ал мұғалімдері STEM бағытындағы тәлімгерлерге арналған кәсіби олимпиадада бақ сынайды.
Залқарбек Мұраталыұлы, STEM олимпиадасының ұйымдастырушысы:
- Біз тек теңдеу шығаратын форматтан бас тарттық. Енді оқушыларға түрлі практикалық тапсырма беріледі. Мысалы, біз үлестірген материалдардан 50 кг салмақты көтеретін көпір жаса деуіміз мүмкін. Сонда қатысушы теориялық білімін шынайы өмірде қолдана бастайды. Яғни заттың қасиеттерін, физика заңдарын ескеріп, көпір құрастырады. STEM-нің басты ерекшелігі осы.
Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия мен үндістаннан 300-ден астам оқушы қатысады деп жоспарланған. Олар инженерлік және цифрландыру бағытындағы өнертабыстарын көрсетіп, жас ғалымдарының жоғары деңгейін дәлелдеуге тырысады.
Алтынай Ертай, STEM олимпиадасының төрешісі:
- Біз креативке баса назар аударамыз. Сонымен қатар тапсырманы орындау сапасына мән беріледі. Мысалы, турбина жасау тапсырылды делік. Біз жүкті үш секунд көтеріп тұра ала ма? Соны бағалаймыз. Үздік нәтижелерді жазып аламыз. Тапсырманы барынша тез орындау міндетті емес. Бірақ белгіленген уақыт ішінде бітіргені дұрыс.
Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық сарапшылар бағалайды. Бұл қатарда инженерлер, айти мамандар мен әлемдік технологиялық чемпионаттардың жеңімпаздары бар. Олимпиада елорда әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылған. Ол қатысушыларға халықаралық сараптама, жаңа таныстар табу мен халықаралық турнирлерге шақырту алу сынды мүмкіндіктер сыйлайды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мерей Талап
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #Олимпиада #роботтар #Таңдаулы #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz