RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да «Сырым» өткізу бекеті қайта жаңғыртылмақ

24.11.2025, 08:30 414

Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекарасында орналасқан «Сырым» өткізу бекетін қайта жаңғырту жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Жоба жүзеге асқаннан кейін аталған бекет арқылы Ресейге өтетін адам саны тәулігіне 6 мыңнан 10 мыңға, көлік саны 3 мыңнан 5 мыңға көбеймек. Жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.

«Сырым» өткізу бекеті арқылы бүгінде тек жүк көліктері өтеді. Жеңіл автомобильдер мен автобустар «Шаған» және «Тасқала» бекеттері арқылы айналып қатынауға мәжбүр. Арнайы техникалардың көмегімен қазір жер қазу жұмыстары аяқталып, бетон құю басталған.

Әділхан Аймағамбетов, мердігер компания өкілі:

- Нысанда, 3 учаскеде бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Екі ғимараттың іргетасын құйдық. Ол қызметтік иісшіл иттерге арналған орын мен көліктерді тыңғылықты тексеретін ғимараттар. Сонымен қатар инженерлік желілерді де тартып қойдық. Құрылыс жұмыстары қысы-жазы жалғасады.

Келешекте өткізу бекетіндегі 6 жолақты 12 жолаққа жеткізу, қажетті әкімшілік ғимараттар салу, заманауи рентгендік тексеру жабдықтарын орнату, аймақты толықтай асфальттау жоспарланған. Сонда бекеттің өткізу мүмкіндігі тәулігіне 5 мың көлікке, жолаушы саны 10 мыңға дейін артпақ. Әу баста жобаның құны 21 млрд делінгенімен, құрылыс барысында қаржының 10% үнемдеу ұйғарылды.

Никита Жасанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ бас маманы:

- Күні бүгін үнемдеу мақсатында жобалық шешімдерге түзетулер енгізу басталды. Яғни біздегі әкімшілік ғимарат бұрын 3 қабатты деп жобаланса, енді екі қабатты болады, қызметтік көліктерге арналған гараж саны 8-ден 3-ке дейін қысқарады, автобустар тұратын төбесі жабық тұрақтар да 4-тен 2-ге азаяды деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар көкөніс қоймасы да салынбай, орнына контейнерлер болуы ықтимал.

«Сырым» өткізу бекетінің жаңғыртылуы Ресеймен арадағы алыс-берісті жақсартып, елдің транзиттік әлеуетін арттырмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz