Ақмола облысында жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар көбейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Қазір өңірде қысқы демалыс маусымына қызу дайындық жүріп жатыр. Мамандар биыл 300 мыңнан астам адам келеді деп болжап отыр. Курортты аймақ осы жылы демалушыларды қалай қуанта алады? Қызмет көрсету сапасы мен демалыс бағасы қанша болмақ?
Бурабай қыста да әдемі. Әсіресе саф ауасы мен мына тұрған тұмса табиғаты көздің жауын алады. Көрікті өлкеде қысқы демалысты пайдалы әрі мазмұнды өткізуге мүмкіндік зор. Сондықтан мұндағы 300-ден астам туристік нысанның жартысына жуығы жыл он екі ай қызмет көрсетуге көшкен.
Өңірге саяхаттап келетін туристердің көбі көрікті Бурабай мен зерлі Зерендіні таңдайды. Оның да өзіндік себебі бар.
Раиса Ахметова, турист:
- Біз Қарағанды қаласынан келдік. Ең бірінші Бурабайдың маған таза ауасы ұнайды. Ну орманында серуендеп, ерекше әсер алып қайтамыз. Жазда адам көп болады ғой. Сондықтан жыл сайын қыста келеміз.
Бурабайдағы мына демалыс орынында бір мезетте 100-ге жуық адам тыныға алады. Олар үшін емдік процедуралардан бөлек қысқы ойын-сауық түрлері де ұйымдастырылмақ. Биыл туристік нысандағы техникалық база айтарлықтай жаңартылыпты. Оған мемлекеттік қолдау сеп болған.
Назерке Бекенова, демалыс орнының директоры:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5%-пен несие алғанбыз. Бұл бағдарлама бұрын тек қана ауыл шаруашылығына берілетін. Биыл бірінші рет туризм саласын ендірді. Оған енді бәрін жаңартып алдық. Көріп тұрғандарыңыздай, әлі пленкасын да шешіп үлгермедік.
Бірақ Бурабайдағы ойын-сауық бағдарламаның көбі демалыс орындарының жеке ауласында ұйымдастыралды. Ал оны жай ғана саяхаттап келген адам көре бермейді. Сондықтан биыл курортты өлкенде туристердің қанын қыздырып, делебесін қоздыратын жаңа демалыс алаңқайлары ашылмақ.
Бауыржан Бірбаев, Бурабайды дамытуға жауапты мекеменің бас директоры:
- 4 локация белгіленді. Кез келген адам қай жерге барғысы келсе, әр жерде оған қызмет көрсетіледі. Бізде Бурабайда жаз мезгілінде адам көп, қыста адам азаяды. Бірақ біздің ендігі мақсатымыз – бұл жерде қыс маусымында жаздан кем емес болатындай адамдарды жинау.
Жалпы курорттық аймақта жылына бір миллионнан астам турист табан тіресе, соның 20-30%-і қысқы уақытта келеді. «Демалушылар саны жыл санап көбейіп келеді», – дейді жауаптылар. Сәйкесінше баға да өскен.
Ерназар Құттығожин, облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы:
- Былтырғы жылмен салыстырғанда баға 5-10% өсті. Бірақ жазғы уақытқа қарағанда демалыс құны сәл арзандау болады. Бізде туристік нысандар көп қой. Бәрінің бағасы бірдей емес. Кей демалыс орындарындағы стандарттық нөмірлер 20 мыңнан басталады. Жалпы қысқы кезеңде туристік нысандар акциялық жеңілдіктер көп ұсынады.
Қазір аймақта қызмет көрсететін туристік нысандардың саны 700-ден асады. Жалпы биыл туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде 20-дан астам жоба жүзеге асып жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Бурабай #қысқы демалыс #туризм #демалыс орындары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz