Ақтөбеде «Жастар және жалпыұлттық құндылықтар» тақырыбында TEDx форматындағы ашық мотивациялық форум өтті. Өнер орталығында белсенді студенттер, жас мамандар мен жаңа буын көшбасшылары жиналды. Шараның мақсаты — өмірлік бағдар, жеке даму және ел алдындағы жауапкершілік жайлы ашық айту. Форумға жастарға үлгі болатын танымал спикерлер шақырылды.
TEDx форумын ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі күні тек білім алу жеткіліксіз. Саналы таңдау жасай білу, зиянды әдеттерден аулақ болу, әрі Отанға адал болу аса маңызды. Дәл осы бағытта өңірде жаңа бастамалар қолға алынып, жастар істері жөніндегі арнайы басқарма жұмыс істей бастады.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Бүгін өтіп жатқан форум біз үшін маңызды деп ойлаймын. Себебі барлық жастардың мәселелері осында қаралады және үлгі ретінде көрсететін жастарымыз да бар. Біз арнайы жастар жөнінде басқарма құрдық. Барлық кеңес пен жиналатын сұрақтарды бекітіп, күн тәртібінде қарайтын боламыз.
Спикерлер қатарында «Яндекс Қазақстан» өкілдері, театр және кино актерлері, түрлі саланың жас мамандары болды. Мысалы, халықаралық Heriot-Watt университетінің студенті әрі волонтёр Аида Кадын Ақтөбеде қазақ тілін тегін үйретіп жүр. Қазір оның шамамен 90 оқушысы бар.
Аида Кадын, студент, форум спикері:
- Менің ең басты міндетім – адамдарға тілдің сенімді көпір екенін жеткізу. Яғни біз шектелмей, түрлі тілдерді меңгеруге ұмтылуымыз қажет.
Дәурен Серғазин, кино және театр актері:
- Әр адам өзінің өміріне деген жауапкершілігін өз қолына алуы керек. Өзінен бастауы керек. Өзінен бастаса, онда біз салауатты, әділ, саналы қоғам құрамыз.
Кездесу соңында «Мен Қазақпын» патриоттық әні шырқалып, шараның негізгі идеясы — бірлік пен ортақ құндылықтарды тағы бір мәрте айқындады.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе #форум #мотивация #ісшараPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz