RU
Толық нұсқаға өту

Жезқазғанда геологиялық кластер ашылды

24.11.2025, 19:31 396

Жезқазғанда әлемдік деңгейдегі геологиялық кластер ашылды. Орталық Азиядағы бірегей кешен «Қазақмыс» компаниясының қаржысына салынды. Жоба құны шамамен 11 млрд теңге. Заманауи техникамен жабдықталған орталықтың негізгі артықшылығы – мұнда геологиялық барлаудың негізгі үдерісі бір алаңға топтастырылған.  

Геологиялық кластердің дәл Жезқазғанда ашылуы заңдылық. «Бұл Қаныш Сәтбаев бастаған геологиялық барлау ісін жалғап, жаңадан құрылған облыстың дамуына серпін береді», - дейді ғалымдар.

Ғалым Нұржанов, «Қазақмыс Барлау» ЖШС бас директоры:

- Жезқазған – геологияның территориясы. Жер жұмыстары жасалды. 2024 жылы қандай еді, қазір 2025 жылы осындай жағдайда болып тұр. Мынау алынған жаңа технологиялық сканерлар олардың барлығын қазір жүре келе көрсете береміз.

«Қазақмыс» корпорациясы жобаға шамамен 11 млрд теңге инвестиция құйды. 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Кешен әлемнің жетекші геологиялық орталықтарының тәжірибесіне негізделген. Яғни ғылым, білім және өндіріс бір алаңға топтастырылған. Мұндағы оқу орталығы мен зертхана геологиялық ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

- Біздің мақсатымыз тек мыс өндірісін ұлғайту емес. Осы арқылы Жезқазғанның ғылыми-өндірістік әлеуетін арттырып, экономикасын дамыту. Геологиялық кластер аймақта жаңадан жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Болашақта Ұлытау-Жезқазған өңірі мықты кадрлардың ұстаханасына айналады. Жоба Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жалғастырып, Қазақстанның заманауи геологиялық мектебінің дамуына үлес қосады.

Кластер құрамында сыйымдылығы 200 мың куба метр керн сақтайтын елдегі ең ірі қойма жұмыс істейді. Ал зертханалық блок аналитикалық зерттеу саласындағы әлемдік көшбасшы ALS компаниясымен бірлесіп жасалған. Кластерде ұңғымалық керн автоматты түрде сканерленіп, алынған ақпарат жасанды интеллект арқылы өңделеді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет тарапынан геология саласына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта Парламент та жұмыс істеп жатыр, заңдарға өзгеріс енгізіп жатыр. Әсіресе жер қойнауын пайдаланушылар да осы салаға көп көңіл бөліп, қаржы бөліп, әртүрлі осындай зерттеу орталықтарын бастап жатыр. Бұл жерде өндіріс те бар, ғылым да бар. Бұл жерде әлемдік деңгейдегі зертханалар да бар, кадрлар да дайындалады. Жалпы ғылымға, өндіріске не керек, соның бәрі осы жерде біріктірілген.

Болашақта геологиялық кластерде геофизика, аспап жасау және робототехника саласының білікті мамандары даярланады. Ол үшін компания «Ұлытау» техникалық университетін ашуды қолға алды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz