RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында жаңа зауыттың іргетасы қаланды

24.11.2025, 21:25 382

Алматы облысында жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Қазыбек бек ауылындағы «Asia United Steel» кәсіпорны тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы ең ірі болат өндірушілердің біріне айналады. Темір жол бойында орналасқан индустриалды аймақты дамытудың бірінші кезеңінде 11 өндіріс ошағын салу жоспарланып отыр. 

«Asia United Steel» зауытының іргетасын қалау рәсіміне өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев пен шетелдік инвесторлар, ауыл ақсақалдары қатысты. Бұл жер болашақта ірі өндіріс ошақтары шоғырланған үлкен индустриалды аймаққа айналады. Қазірдің өзінде мұнда бернеше компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Бірінші кезеңде салынатын зауыттардың өзінде екі жарым мың жұмыс орны, 450 миллионнан астам инвестиция құйылады. Осы тек қана ауданның емес, облыстың емес, біздің еліміздің көркейуіне біраз серпін беретініне сенімдіміз.

Зауыт негізінен құрылыс және өнеркәсіп саласына арналған болат өнімдерін шығарады. Ол толық қуатымен жұмыс істей бастаған кезде мұнда жылына 1,2 миллион тонна өнім өндіріледі. Соңғы үлгідегі электр пештерімен жабдықталатын кәсіпорын халықаралық экологиялық стандарттарға сай жұмыс істейді. Онда 600 жаңа жұмыс орны ашылады. 

Лин Гуощун, «Asia United Steel» компаниясының негізін қалаушы:

- Ұзақ талдаудан кейін дәл осы өңірді таңдадық. Мақсатымыз – Орталық Азияны сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп, заманауи өндіріс ошағын ашу. Бұл жоба Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға тың серпін береді.

Болат өндірісімен айналысатын жаңа зауыт салу мақсатында «Қазыбек бек» индустриалды аймағынан 78 гектар жер бөлінді.  Оның құрылысы 2027 жылға қарай толық аяқталады. Қазірдің өзінде 900 гектар аумақты алып жатқан индустриалды аймақтың 567 гектарында инвесторлар қызу жұмыс істеп жатыр. Индустриалды аймақты дамытудың бірінші кезеңінде жалпы құны 640 млрд теңге болатын оннан астам жоба жүзеге асады. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz