RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда балаларға зиянды 38 мың интернет-ресурс бұғатталды

25.11.2025, 07:40 548

Кибершабуыл жас талғамайды. Қазір алаяқтар балаларға да «тіс сала» бастады. Елде жасөспірімдерге зиянды әрі заңға қайшы контенті бар 38 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған. Ендігі мәселе балалардың киберқауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Қайтпек керек?

«Киберқадағалау» жүйесі арқылы балаларға зиянды контенті бар 38 мыңнан аса интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Мамандар жасөспірімдердің цифрлық ортада белсенділігі артқанын айтады. Кейде мұның бәрін бақылау қиындап кетеді. Әйтсе де әр отбасы кибергигиенаны сақтау маңызды.

Абылай Исин, сарапшы:

- Киберсауат дегеніміз не? Мұны ең бірінші ата-аналар жақсы түсінуі керек. Мысалы Egov порталында кибергигиенаға байланысты 20 шақты видео жүктелген. Соны әрбіріңіз қарап шығыңыз. Киберсауатты болмай, біз балаларымызды қорғай алмаймыз. Бірақ тыйым салмау керек, өйткені балалар тыйған нәрсеге әуес келетіні белгілі. Сол себепті оның дұрыс-бұрысын ұдайы түсіндіріп отыру қажет.

Күзде дропперлерді жазалау заңды күшіне енді. Тек бұл да алаяқтарды тоқтатар емес. Енді олар өзінің құйтырқы әрекетіне балаларды араластыра бастады. Әсіресе жас өреннің психологиялық күйімен ойнайтындар көп.

Абылай Исин, сарапшы:

- Балаңыздың не көріп, нені оқып жүргенін бақылаңыз. Дропперліктің өзі қылмыс. Сол себепті балаға оңай ақша болмайтынын түсіндіру қажет. Өкінішке қарай, түрлі сілтемеге өтіп, жеке деректерді таратудың салдары бар. Мұны ата-ананың өзі білмей жатады. Мысалы, дропперлікке іліккен баланың әке-шешесі жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаңыз.

Әлеуметтік желілер, түрлі виртуалды ойындар, жалған сайттар. Бала тұрмақ, үлкеннің өзін арбап алатын цифлық әлемнен қашып құтыла алмаймыз. Бұл да өмір салтымызға айналғаны рас. Таяуда ІІМ заңға қайшы контент үшін жауапкершілік жүктеу жайын көтерген еді. Сарапшылар: «бұл бастаманың балаларды қорғау үшін маңызы зор», – дейді.

Юлия Костяная, Парламентаризм институты орталығының жетекшісі:

- Әкімшілік жауапкершілік бұл бұрынғы санкцияларға қосымша шара болмақ. Біреу жаман ойсыз репост жасаса, салдарын көтереді. Бірақ бұл бас бостандығын шектеу немесе қылмыс саналмайды. Есесіне кез келген дүниені жарияламас бұрын адам ойланады. Ал айыппұл көлемі әзірге белгісіз. Бұл өзгерістер күшіне енсе, желі қолданушылары нені жариялап, неге репост жасап отырғанын бағдарлай бастайды. Өйткені әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Елде «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң бар. Оның аясында мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ қауіпті контентке мониторинг жүргізу, талдау және бұғаттау тетіктері айқындалады. Ал балаға техникалық шектеу жасау, қателік екенін айттық. Сол себепті кішкентайларға бөтен емес, өзіңіз жақын болыңыз. Өзгенің себепсіз ұсынысы ертең опық жегізетінін бала да ұғынуы тиіс.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz