Биыл Қарағанды облысында жүргізушілерге екі миллиард теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ. 179 мың жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Дегенмен көп жыл көлік жүргізіп, бірде-бір айыппұл алмаған үлгілі жүргізушілер де бар. Солардың бірі – кеншілер қаласының тұрғыны Светлана Швачкина. Ол 30 жылдан бері әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған әрі бірде-бір жол-көлік оқиғасына түспеген.
Светлана Швачкина қаладағы №95 мектеп-гимназиясында жас жол инспекторлары үйірмесінен сабақ береді. Шәкірттері республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. «Бұл оларға келешекте жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсырғанда үлкен көмек болады», – дейді ұстаз.
Светлана Швачкина, №95 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Балаларды жол қозғалысы ережелерімен балабақшадан бастап таныстыру маңызды деп санаймын. Біз үйірмеде оқушыларға жол ережесін, белгілерді ғана емес, алғашқы медициналық көмек көрсетуді де үйретеміз.
Светлана Швачкина 30 жыл өтілі бар тәжірибелі жүргізуші. Ешқашан жол қозғалысы ережелерін бұзбаған. «Үлгілі жүргізуші» акциясы аясында полиция оны грамотамен марапаттады. Мұндай мінсіз жүргізушілер өте аз. «Жылдамдықты асырмай, жол белгілеріне мән беріп және сыпайы болу – өзгермес қағидам», – деді Светлана.
Светлана Швачкина, №95 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Бір сәтке алаңдауға болмайды. Қас қағым сәт біреудің өміріне әсер етуі мүмкін. Бағдаршамға тоқтаған бойда жүргізушілердің көбі телефонын қолына алады, кейде тіпті жолға жақындамай жатып-ақ алаңдайды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер өзара сыпайы болыңыздар. Есіңізде болсын, сізді үйде күтіп отырғандар бар.
«Қауіпсіз жол» акциясы аясында ереже бұзбаған 100-ге жуық жүргізушіге алғысхат пен естелік сыйлық табысталды. Негізгі мақсат – жол апатының алдын алу және жүргізуші мәдениетін қалыптастыру.
Татьяна Малиновская, ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
- Біз жол жүрісі ережелерін бұзбай, оларды қатаң сақтайтын жүргізушілерді деректер базасынан қарап шықтық. Олар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген жандар. Үлгілі жүргізушілерге шағын сыйлықтар дайындадық.
Қарағанды облысында биыл 10 айда жүргізушілерге екі миллиард теңгеден астам айыппұл салынған. 179 000 жол қозғалысы ережесін бұзу жағдайы анықталған. Соның жартысынан көбі жылдамдықты асырумен байланысты. Шамамен 2,5 мың жүргізуші құжатсыз жүрген. Мас күйінде көлік жүргізген мыңнан астам адам жазаланған. Қарсы жолаққа шығып, айыппұл салынғандар да осы шамада. Жолдағы тәртіп мәселесін ел Президенті де Жолдауда көтеріп, жүргізуші мәдениетінің маңызын атап өтті.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Заң мен тәртіп #Қарағанды облысы #жүргізушілер #марапат #жол ережесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz