Біздің елде халықтың 36,7%-і, яғни 7 млн 400-ден аса адам ауылда тұрады. Бірақ кей аймақтарда ауылдар жабылғанмен халық азаймайды. 2027 жылға қарай ауылдағы адам саны 7,7 млн-ға көтеріледі. Осы орайда елді мекендерді дамыту өзекті мәселе болып қала бермек. Әкім сайлауын өткізу, ауылдың бюджетін өзіне беру секілді өзгерістер бұл саладағы біраз мәселені шешуге тиіс.
Бүгінде ауыл әкімдерінің корпусы 100% жаңарды. Өйткені халық әкімін өздері сайлайды. Осы халық сайлаған ауыл әкімдерімен енді президент кездеседі. Астанада «Ауыл әкімдерінің форумы» өтеді.
Еліміздегі алғашқы ауыл әкімдерінің сайлауы 2021 жылдың 25 шілдесінде өтті. 2 мыңнан аса үміткердің 60%-тен астамы өзін-өзі ұсынған еді. Халықтың белсенділігі де аса жоғары болды. Бұл үдеріс жалғасып, бүгінде ауыл әкімдерінің корпусы 100% жаңарды.
Әйгерім Әбдірашитова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:
- Бұл дегеніміз тек қана құрамның жаңаруына әкелген жоқ. Сонымен қатар осы жүйеге жаңа лектің келгенін білдіреді. Жалпы мемлекеттік жүйені көп жағдайда азаматтар қозғалмайтын ауыр жүйе ретінде қарастырады. Осындай сайлау арқылы ол жүйеге жаңа адамдардың келгенін көрсетеді. Сайлау процесінің бар болуы, ол белгілі бір кезеңге ғана сайланады ғой. Демек бұл келген адамға осы шамалы уақыт ішінде жұмыс істеуге итермелейді. Өйткені ол келесі жолы қайтадан сайланғысы келсе, өз сайлаушыларына өз нәтижесін көрсету керек.
Майра Жәкімсалова Теріскейдегі Аққайың ауданы Григорьевка ауылдық округін басқарады. Оның басты сыншысы – халқы. Сол себепті жерлестері көтерген әр түйткілдің түйінін тарқатуға тырысады. Басты мақсаты – елді мекеннің беделін арттыру.
Майра Жәкімсалова, СҚО, Аққайың ауданы, Григорьевка ауылдық округының әкімі:
- Халықтың зор сенімін ақтау үшін үлкен жұмыстар атқардық. Менің округімде 4 ауыл бар. Қазір барлығы да сумен қамтылды. Жолдар жөнделіп, сквер жасалып, балалар ойнайтын алаңдар жасалып, спорт кешендері салынып, қазақ этномәдени бірлестігі ашылды. Биылғы жылы клубымыз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтті. Сол үшін Президентке, Үкіметке халықтың атынан үлкен алғыс білдіреміз.
Жалпы бюджеттің төртінші деңгейі енгізілгелі ауылдық округтер қазынасына салықтар мен төлемдерден түсетін түсім 3,5 есе, яғни 112 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал былтыр 380 млрд теңгеге жуықтады. Өзін-өзі қамту үлесі 29,5%-ке жеткен. Ұлттық экономика министрлігі ауыл бюджетін 2,5 есе немесе 350 млрд теңгеге дейін арттыруға мүдделі.
Жанар Қырғызбаева, ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Осыған орай ауылдық округтер бюджетін ұлғайту үшін қосымша кіріс көздерін беру ұсынылады. Ол заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының үлесін мәслихаттың шешімімен бөлу, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы. Нәтижесінде ауылдық округтердің жеке кірістері 2,5 есеге артып, 300 млрд теңгеге дейін жетеді деп күтіледі. Бұл жергілікті мәселелерді жедел шешуге қосымша қаржылық ресурстар береді деген сенімдеміз.
Әрине, қатарға енді қосылған әкімдер үшін мемлекеттік қызметті тез алып кету, қыр-сырын түйсіну оңай емес. Бұл істің әліппесін «Әкім мектебінен» меңгереді. Мемлекеттік басқару академиясында тағылым алады. Мұның маңызы зор. Өйткені ауыл әкімі өлкені дамытып қана қоймай, халықтың өмір сапасын арттыруға тиіс. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының мәні де осы.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #ауыл әкімдері #жаңалықтар #әкімдер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz