RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстік Корея жұмыс визасын беруге дайын

26.11.2025, 20:12 448

Қазақстан Оңтүстік Кореядағы еңбек рұқсаттары жүйесіне қосылудың алғашқы кезеңін сәтті аяқтады. Бұл туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың Сеулге жасаған сапары барысында белгілі болды. Ел азаматтары Оңтүстіккореяда ресми жұмыс визасын қашан рәсімдей алады? 

Владислав Цой, тілші:

- Сеулдегі кездесулерде Қазақстан және Оңтүстік Корея үкіметтерінің өкілдері еліміздің EPS Оңтүстік Кореядағы еңбек рұқсаттары жүйесіне қосылудың алғашқы әрі ең күрделі кезеңінен сәтті өткенін хабарлады. Қабылдаушы тарап қойған басты талаптардың бірі – заңсыз мигранттар санын қысқарту ісі орындалды.

Оңтүстіккореялық компанияларда заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтар саны азайды. Оған биыл қыркүйек айынан бастап Қазақстанның Сеулдегі елшілігінде полиция бөлімшесі қызметінің енгізілуі ықпал еткен. Енді EPS жүйесіне қосылудың екінші кезеңі басталды.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

- Қазақстанға Корея жағынан инспекция келеді, арнайы дайындалған нысандарды тексереді. Оның ішінде Алматы облысында бізде үш білім беретін оқу орталығы дайындалды. Екіншіден, медициналық орталықты тексереді, үшіншіден, Алматы қаласындағы тест өткізетін орталықты қарап, сол жерде өзінің қорытындысын беретін болады.

Оңтүстік Кореяның Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері Қонаев қаласындағы, Қаракемер және Шамалған ауылдарындағы колледждерде инспекция өткізеді. Осы оқу орындарында жұмыс визасын алуға үмітті кандидаттар корей тілін және Оңтүстік Кореядағы еңбек ережелерін үйренеді. Екінші кезеңді келесі жыл ішінде өткізіп, 2027 жылы қазақстандықтарға жұмыс визаларын беру туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда келіссөздер барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Аскарбек Ертаев Қазақстанның өтінішін қарауды жеделдетуді сұрады. Инспекция осы жылдың соңына дейін немесе келесі жылдың басында өткізілуі мүмкін.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяның зауыттары мен фабрикаларында, әсіресе ауылдық жерлерде, жұмыс күші тапшы. Бұл мәселені Қазақстаннан баратын жұмысшылар ішінара шеше алады. Егер алдағы айларда оңтүстіккореялық инспекторлар Алматы және Алматы облысындағы еңбек мигранттарын даярлайтын нысандарды тексерсе, қазақстандықтарға жұмыс визаларын беру туралы келісімге келесі жылы қол қойылуы мүмкін. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz