Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері ауыл шаруашылығында мақсатсыз пайдаланылған 120 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда өңірде жерге қатысты мәселе толық шешілмей тұр.
Арнамызға төрт ауылдың төрт түлігін бағатын бақташылар хабарласып көмек сұрады. Олардың айтуынша, биыл көктемде жайылым жерлерді су басып, мал бағуға қатысты қиындықтар туындаған. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері не дейді?
Кеңес Көкеев пен Жанат Қошпанов Бескөл, Бәйтерек, Прибрежный, Подгорный ауылдарының 350-ге жуық жылқысын бағады. Биыл көктемде олардың жайылымын су басып, күздің қара суығында қатып қалған. Енді тура қыстың алдында мал бағатын жер болмай тұр. Өйткені жерлер жағалай жалға берілген. Қазір жылқылар орамжапырақ жиналған алқапта бағылып жүр.
Кеңес Көкеев, жылқышы:
- Мынау бағатын жердің бәрін су басып кетті екі жылдан бері. Мынау ауылдың шыққаннан 200 метрден кейін олардың жерлері басталады. Тым болмаса мына жерден бір 2 км жерді бізге берсе, біз көп сұрап тұрған жоқпыз. Арғы жағына өздері еге берсін.
Бақташы Қуандық Мұхамадиевтің айтуынша, жайылым ірі қараға да жетіспейді. «Бұл мәселе жылдар бойы шешілмей келеді», - дейді ол. Сондықтан тұрғындар қолда бар малын сатып, табын әдеуір азайып қалған.
Қуандық Мұхамадиев, бақташы:
- Мен осы Бескөлге көшіп келгелі тоғыз жыл бойы мал бағып жатырмын. Басында көп мал бар еді. Бүкілі осы жерге таласумен бәрі сатып жатыр. Барлығы сүтпен айналысып, көп мал ұстады. Мәселенің бәрі осы жерге қатысты. Мал отайтын жер өте аз.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қызылжар ауданында 9 мың гектар жайылым жердің жетіспейтіні анықталды. Қазір осыған байланысты тиісті шаралар қолға алынып, жеті ауылдың шекарасын ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр.
Руслан Аспанов, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қызылжар ауданы бойынша Бескөл, Архангелка, Новокаменка, Бәйтерек, Чапай, Подгорный және Прибрежный ауылдарының шекарасы үш мың гектарға дейін ұлғайтылады. Қазір тиісті құжаттар аудандық мәслихаттың қарауына жіберілді. Бұл мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің үлесі. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілермен алты мың гектар жерге мал бағу жөнінде меморандум жасалды.
Жалпы жыл басынан бері өңірде ауыл шаруашылығында мақсатсыз пайдаланылған 120 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов
Тегтер #СҚО #жер тапшылығы #жайылым #мал шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz