RU
Толық нұсқаға өту

Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды

26.11.2025, 21:41 381

Мәдениет, ғылым, БАҚ және спорт салаларында жетістікке жеткен 20 жас төрге шығып, құрметке бөленді. Лауреаттар арасында «Хабар» Агенттігінде еңбек ететін әріптесіміз де бар.

Бұл - жетістігін жиып-терген, кіл үздіктер арасынан іріктелген «Дарын» сыйлығының лауреаттары. Бәрі өз ісінің майын ішіп, жілігін шаққан майталмандар. Тізімге танымал тұлғалардан бастап, қарашаның арасынан шыққан қарагөздер де кірді. Олардың саласы басқа болса да, санасы бір. Адал еңбек, кәсібилік һәм отаншылдық. 

Шара басында сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі жастардың жұмысын жоғары бағалап, «Дарын» сыйлығы сол жетістікті еселей түсетініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы әрдайым жастарды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, оларға зор сенім білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ Президенттің әрбір бастамасы кейінгі ұрпақтың болашағына бағытталғанын тілге тиек етті. 

Сөз арасында «Бұл өзгерістердің негізінде әділдік, заң мен тәртіп, ашықтық және жауапкершілік сияқты құндылықтар жатыр. Бұл бастамалар – жаңа идеологияның маңызды бөлігі, оны жүзеге асырып, алға жылжыту дәл сіздерге жүктеледі», – деді Аида Балаева. Содан соң кезек марапатты табыстауға көшті.

Іңкәр Айдарханқызы, «Гүлдер» ансамблінің әртісі:

- Бұл біз сияқты жас мамандар үшін үлкен бастама, үлкен мотивация деп білемін. Мұндай марапат алу біз үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені осыған дейін істеген жұмыстар былай тұрсын, ендігі жұмысымыз одан да қатты сыналады деген ойдамын.

Биыл «Дарын» иегелерінің географиясы да, биографиясы да әрқилы. Лауреаттардың арасында Хабар арнасының жаңалықтар жүргізушісі Мөлдір Досбай да бар. Ол ұзақ жылдан бері тілшілік тіршілікте еңбек етіп келеді. Ақпарат саласынан бөлек әлеуметтік желіде де белсенді. Халықты тіл тазалығын сақтап, сауатты сөйлеуге үгіттеп жүр.

Мөлдір Досбай, "Хабар" арнасының редактор-жүргізушісі:

- Дарын мемлекеттік сыйлығына үміткерлерге қашан да талап жоғары болған. Жай талантты болу аздық етеді. Өз салаңда жоғары жетістіктерге жету маңызды. Ал енді Дарынды алғаннан кейінгі жауапкершілік ерекше екен. Мемлекеттік сыйлықтың иегері ретінде өз саламызда одан әрі де адал еңбек етуге, өзімізден кейінгілерге үлгі болуға міндеттіміз.

Жастарды жанып тұрған шоққа теңесек, «Дарын» сыйлығы сол шоқты маздатып, шарпыған жалынға айналдыратын алып күш. 1992 жылы басталған мезіреттің шарапаты 400-ге жуық азаматқа тиді. Соның арқасында талай жас белін буып, қанатын қақты. Олардың алды Димаш Құдайберген, Елдос Сметов. Міне, бұл жай сыйлық емес, өз миссиясын мінсіз атқарып отырған берекелі бастама. 

Авторлары: Бекзат Аманов, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz