Жамбыл облысында жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды. Зауыт Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Өнеркәсіп іске қосылса, ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін инвестор мен жергілікті билік өкілдері зауыт құрылысын салтанатты бастау рәсіміне қатысты.
Ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС қаржыландырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 68 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылса, 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның 96 проценті – облыс азаматтары болмақ. Жұмысқа тәжірибелі жергілікті мамандарды, сондай-ақ техникалық университеттердің түлектерін тарту жоспарланып отыр.
Уәлихан Атагелдиев, «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры:
- Зауытымызға әлемдік технологияның соңғы үлгісін пайдаланып жатырмыз. Жобалау мен құрылғыларды жеткізіп орнатумен тәжірибелі германиялық компания айналысып жатыр. Біз қымбатқа түссе де, қалдықсыз кәсіпорын жүйесін таңдап отырмыз. Яғни қалдық су мүлде болмайды. Сонымен қоса зиянды газдың бәрін жағып жіберетін жүйе болғандықтан, ауаға да тарамайды.
Зауыт өнімін алдымен елдегі кен өңдеу кәсіпорындарына сатып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етпек. Артылған тауарды Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттеріне экспорттайды. Зауыт 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Жалпы 2025 жылдың 10 айында өңір экономикасына 553 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 38,3 пайызға артық.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Өткен жылы жалпы құны 214 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асты. Биылғы жылы 161 млрд. теңгеге 26 жоба жүзеге асу жоспарланып отыр. 1 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жалпы облыста 2028 жылға дейін құны 3,5 трлн теңге болатын 62 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде алты мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Аталған өндіріс орындарының 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынады.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев
Тегтер #Жамбыл облысы #зауыт #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz