RU
Толық нұсқаға өту

Астанада есірткіге қарсы күрес күшейді

26.11.2025, 22:56 400

Астана – есірткісіз қала. Елордада есірткіге қарсы күрес шаралары күшейді. Игі бастама «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қолға алынды. Шара барысында түрлі акциялар ұйымдастырылып, танымал тұлғалардың қатысуымен жастарға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сондай кездесулердің бірі бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өтті. 

Басын тауға да, тасқа да соғып жатпай, дұрыс жолды таңдау аса маңызды. Сондықтан жастар жиналған залда бүгін танымал спортшылар мен әлеуметтік желіде ықпалы зор блогерлер есірткінің зиянын айтып, жетістікке жету қөұпиясымен бөлісті. Себебі бүгінгі студент - ертеңгі ел тірегі. Ал мемлекет үшін қашан да ұлт саулығы маңызды.

Галина Постникова, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті:
- Осы шара қазіргі кезде маңызды деп ойлаймын. Себебі көп жастар есірткі жайлы біле бермейді. Жай ғана ойыншық деп ойлайды.
Бізге ең танымал адамдар келіп тұр және арасында түрлі мамандар бар. Солардан көптеген ақпарат алып отырмыз. Мысалы интернет арқылы ала алмағандарды, осы кісілерден естідік.

Айта кету керек, биыл «Есірткіге қарсы жыл» деп жарияланған. Соның аясында өңірлерде осындай қылмыстардың алдын алу жөніндегі кеңес құрылған. Оның құрамына танымал спортшылар, медиа майталмандар еніп, жастар арасында түрлі шаралар өткізген. Мәселен, жыл басынан бері есірткіні жарнамалаған 2,5 мыңнан астам граффитилер боялып, түрлі сайттар бұғатталған.

Дамир Байбазаров, Астана қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Биыл Астана қаласында есірткі қылмысын жасады деген күдікпен 17 жас бала ұсталды. Олар кәмелеттік жасқа толмағандар.
Оның төртеуі өзге өңірлердің тұрғындары. Былтыр да дәл осыншама адам ұсталған еді. Сондықтан жастар арасында профилактикалық шараларды күшейтіп жатырмыз.

Тәртіп сақшылары тек жастармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, есірткімен күрес шараларын күшейткен. Нәтижесінде, жыл басынан бері елордалық полицейлер заңсыз айналымнан 460 келіден астам психотроптық заттарды тәркіледі. Соның 65 келіге жуығы синтетикалық есірткі. 

Авторлары: Риат Шони, Самат Қазанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz