Ұлытау облысында көлік апаты өткен жылмен салыстырғанда 43% төмендеді, деп хабарлайды 24KZ. «Бұл жаңа технологияның, яғни цифрландыру нәтижесінде мүмкін болды», – дейді тәртіп сақшылары. Биыл өңірдегі ең қауіпті саналатын жол учаскелеріне жылдамдық өлшейтін камералар қойылып, күрежолда патруль саны артты.
Жылдамдықты шамадан тыс асырмасаң, ұзын жолда қауіп жоқ. Бірақ мұны жүйрік көлік тізгіндеген көп жүргізуші қаперге алмайды. Мәселен, Жезқазған мен Сәтбаев арасын жалғайтын 15 шақырым жол бойында былтыр 12 ірі жол апаты болып, 4 жолаушы көз жұмды. Тағы 40-қа тарта адам ауыр дене жарақатын алды. Сондықтан жылдамдық өлшейтін құрылғылар бірінші кезекте осы жолдың бойына қойылды.
Арман Әбілқасымов, ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Цифрландыру мақсатында осы екі ортаға 3 жерден 6 жылдамдық өлшегіш бейнекамералар орнатылды. Соның нәтижесінде биылғы жол-көлік оқиғасы трассаларда 43% төмендеп отыр. Қаза тапқандар 41% және дене жарақатын алғандар 43% төмендеп отыр.
«Жезқазған – Сәтбаев» жолында қозғалыс үзілмейді. Тәулігіне шамамен 16 мың көлік қатынайды. Сондықтан көлік ағыны көп жол бойына жылдамдық есептейтін камералардың қойылғанын тұрғындар да қолдап отыр.
Қазір облыста жылдамдықты бақылайтын 34 камера жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек күрежолдардың бойында қауіпсіздікті күшейту мақсатында патрульдер саны артты. Жыл басынан бері камералар мен арнайы жасақталған патрульдер көмегімен жол ережесіне қатысты 40 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Арман Әбілқасымов, ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Дрондарды кеңінен пайдаланамыз. Әуеден жол қауіпсіздігіне қарап отырады. Биылдың өзінде 300 ге жақын құқықбұзушылық анықталды. Ол жаңағы жол ережесін өрескел бұзатындар. Яғни республикалық, облыстық маңызы бар трассаларда жолдың қарсы бетіне шығу. Жол-көлік оқиғаларының көп ауыр дене жарақатын алу салдары қарсы бетке шығудан орын алады.
Жолдағы қауіпсіздікті нығайту үшін цифрландыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Келер жылы өңірдегі күрежолдардың бойына тағы 20-ға тарта жылдамдық өлшейтін камера орнатылады. Полицейлер: «біздің мақсатымыз – айыппұлмен қорқыту емес, жүргізушілердің көлік басқару мәдениетін қалыптастыру», – дейді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев
Тегтер #Заң мен тәртіп #Ұлытау облысы #көлік апаты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz