Маңғыстау IT-хабы биыл 50-ден астам шара өткізіп, оқушылар, студенттер мен жас мамандарды цифрлық дағдыларға үйретті. Орталықта киберқауіпсіздік, бағдарламалау және инновациялар бағыттары жүйелі түрде дамып келеді. Іске асқан ірі жобалардың қатарында «Кибер Тұмар», Mangystau Cybercup турнирі және елден тыс жерде де қолданылып жатқан ALEMGO мобильді қосымшасы бар.
Mangystau IT Hub енді жай ғана заманауи компьютерлік кеңістік емес. Бұл цифрлық шешімдер фабрикасы. Мұнда мобильді қосымшалар, медициналық сервистер, қауіпсіздік пен экология саласындағы стартаптар жасалады. Жуырда 3D-баспа кабинеті ашылды. Енді инженерлік прототиптерді осында жасауға мүмкіндік бар.
Әйгерім Мәжтай, Mangystau IT Hub жетекшісі:
- Жалпы екі жылдың ішінде біз 200-ден астам түрлі хакатондар, воркшоптар, оқыту жұмыстарын өткіздік. Соңғы кезде біз жасанды интеллектіге ден қойдық. Оның ішінде мұғалімдер мен оқушыларға арналған DigitalUstaz, EA Tools воркшоп жұмыстары жүргізіледі.
Ең жарқын мысалдардың бірі – ALEMGO мобильді қосымшасы. Оны Арман Сәтбеков пен Ерасыл Смағұлов әзірлеген. Жоба жолаушыларды сәлемдеме жіберетіндермен байланыстырады. Сәлемдемелер енді ұшақпен, пойызбен, тіпті көліктермен қатардағы жолаушылар арқылы жеткізіледі. Ол үшін телефон мен интернет болса жеткілікті.
Ерасыл Смағұлов, ALEMGO қосымшасын әзірлеуші:
- Қазіргі таңда 4 мыңнан астам пайдаланушы бар. Оның 3300-ден астамы App Store-дан келген. Мыңнан астамы Google маркеттен келген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы және өзге де бастамалар өңірде жастарды қолдау, өмірдің барлық саласын технологиялық жаңғырту және цифрлық прогресті жеделдету мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев
Тегтер #жасанды интеллект #цифрландыру #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz