Еуразия Ұлттық университеті базасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қаладағы ірілі-ұсақты жүзден астам компания мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды. Шараны Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма, Астана жастары және Еңбек мобильділігі орталықтары жоғары оқу орнымен бірлесіп ұйымдастырды.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 2,5 мыңға жуық азамат қатысты. Мамандардың айтуынша, екі қолға бір күрек таппай жүрген астаналықтар JOLTAP әлеуметтік жобасы шеңберінде жұмысшы және цифрлық мамандықтарды меңгере алады.
Олжас Амангелді «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының маманы:
- «Астана жастары» жастар орталығы өзі де қатысады. Өз орталығымызға мамандар іздейміз. Қазіргі тапшы мамандықтар - Астана бойынша жұмысшы мамандықтар деп айтсақ болады. Жол тап бағдаламасы бойынша айтсам, жеке кәсіпкерлерге мамандар жеткіліксіз және пиар менеджерлер – қала бойынша ең басты мамандықтар деп айтсам болады.
Келесі жылы Еуразия Ұлттық университетін шамамен 6,5 мың түлек тәмамдайды. Жас мамандардың жұмысқа орналасу деңгейі бүгінде 90 пайызды құрайды.
Байжұман Қашқынбай, ЕҰУ Академиялық мәселелер департаментінің директоры:
- 1200-ге жуық тәжірибе базасы бар. Сонымен қатар университетте жұмыс берушілердің кеңесі бар. Жылына үш рет отырыс болады. Сол жерде осы мәселелерді талқылаймыз. Әр білім бағдарламасы бойынша, әр бағыт бойынша жұмыс берушілермен ақылдасамыз. Қанша сұраныс бар, дұрыс дайындап жатырмыз ба, құзіреттілігі сіздерге жете ме деген сияқты сұрақтарды ашық отырыста талқылаймыз.
Жәрмеңкеде мансап орталығының мамандары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен қысқа мерзімді оқыту курстары туралы ақпарат айтып, жұмыс іздеп келгендерге кәсіби бағыт-бағдар берді.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ақылбек Есімсеитов
Тегтер #Астана #Жастар саясатыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz