Шымкенттің әрбір тұрғыны қаланың дамуына тікелей атсалыса алады. Шаһар жұртына осындай мүмкіндік беретін жаңа жоба іске қосылды. Енді әлеумет әкімдікке арналған ұсыныс тілегін арнайы цифрлық жүйе арқылы жолдайды. Ол үшін қоғамдық орындар, автобустар мен LED-экрандарда орнатылған QR-кодты сканерлеу жеткілікті.
Халықтың пікірімен санасып, бұқараның тұрмысын түзеуге бағытталған тың жоба «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» деп аталады. Яғни шырайлы шаһарды көркейтсем деген әр азамат оп-оңай өз ойын әкімдікке жолдай алады. Жүйені пайдалану үшін QR-кодты сканерлейсіз, өз идеяңызды жазасыз, ол бірден әкімдікке жолданады.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл қала әкімінің өзінің ниеті, өзінің бастамасы және өзінің тапсырмасы. Әрі сіздерге де осыны қала әкіміне жеткізші, әкімдікке айтыңызшы деп жататын тұрғындар бар екеніне сенімдіміз. Енді ол кісілер тікелей өздері осы ұсыныстарын жолдай алады.
Ақылды жүйеге жастар бірден қызығушылық танытқан. Іске қосылған алғашқы күннен-ақ олар өз ұсыныстарын жолдап жатыр.
Арайлым Нышанбаева, студент:
- Әкімдіктің алдына барып тұрғанша уақыт кетеді, үйде отырып адам өз ойымен бөлісіп, үлесін қосса деп ойлаймын. Яғни халықтың үнін тыңдап бәрін жинап халықтың айтқанын жасаса болады.
Бастамаға үлкендер де оң бағасын беріп отыр. Тың жоба қалада қолайлы орта қалыптастырып, келбетін көркем ете түсетініне сенімді.
Бақтияр Ысқақов, қала тұрғыны:
- Мына сквер, субұрқақтар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін жасалған. Яғни билік халықтың тілегін біледі және ескереді деген сөз. Зейнеткерлер мен оқушылардың қоғамдық көлікте тегін жүруі де осының айғағы.
Әкімдік өкілдері: «Жүйе арқылы жолданған барлық ұсынысты мұқият қаралып, ұтымдылары іске асырылады», - дейді.
Авторлары: Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #тұрғындарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz