RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында мектеп құрылысы тоқтап тұр

29.11.2025, 17:38 350

Атырау облысының Есбол ауылында мектеп құрылысы бес жылға созылып барады. Келісімшарт бойынша білім ошағы 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс тоқтап қалған.

Есбол ауылының тұрғындары бұл мектеп құрылысының аяқталуын бес жыл бойы күтіп жүр. Алғаш қолға алған мердігер жұмысты жартылай жасап тастап кеткен. Биыл құрылыс басқармасының араласуымен жұмыс қайта жанданды. Жаңа мердігер нысанды үшінші оқу тоқсанына тапсырамыз деп отыр.

Нұржан Халидуллин, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Қазіргі таңда жұмыс 80 пайызға бітіп тұр. Қалған сыртқы қасбет жұмыстарын жасап жатырмыз және бардюр, сыртқы ойын алаңдарын салып жатырмыз. Іште де әлі жұмыстар жүріп жатыр. Кафель жапсыру жұмыстары бар.

Ауылдағы үш мектепте 800-дей оқушы білім алады. Оның біреуі 2020 жылы апатты деп танылған. Алайда балалар сол ескі ғимаратта сабақ оқып жүр. Сондықтан жаңа 300 орындық мектеп ауыл үшін айрықша маңызға ие. 

Ерболат Сәбіров, Есбол ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Бұл мектеп заманауи құрылыс талаптарына сай салынуда. Мұнда үлкен сынып бөлмелері, оқу зертханалық бөлмелер, спорт залдар, асхана заман талаптарына сай салынып жатыр. Осы мектебіміз бітсе, ауыл халқына және оқушыларға үлкен жағдай жасалады. 

Сонымен қатар мердігерлердің жауапсыздығынан Индер кентіндегі мектептің құрылысы созылып барады. Келісімшарт талаптарын орындамағандар ісі сотқа жолданған.   

Нұрберген Құсайынов құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Сот шешіміне сәйкес мердігермен келісімшартты толықтай бұзған болатынбыз. Сонымен қатар әрі қарай жұмыстарды жалғастыру үшін оның жобаларын міндетті түрде қайта есептеу керек болды. Сол себептерге байланысты мектептің жалпы концепциясын, сыртқы келбетін және де ішкі жабдықтарын толықтай өзгертіп, жобаны қайта жасадық. 

Атырау облысы үшін мектеп мәселесі әлі де өзекті. Қазір балалар бес білім ошағында үш ауысымда оқиды. Осыған орай, 19 мектептің құрылысы басталған. Алтауының құрылысы кестеден кешігуде. Жергілікті билік өкілдері мердігер мекемелерге талапты күшейтті. Жыл соңына дейін төрт мектеп қолданысқа берілуі тиіс.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz