Түркістан облысында “Заң мен тәртіп” қағидатына сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды.
Жол апаты жиі орын алатын қауіпті учаскелерде жүргізушілерге арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында жол-көлік оқиғалары азайғанын айтады.
- Патрульдік полиция батальон инспекторы. Фамилиям Сұлтанов, есімім Нұрдәулет болады.
- Инспектор мырза, мен жол ережесін бұзбаған сияқты едім, неге тоқтаттыңыз?
- Сіз жол ережесін бұзған жоқсыз, алайда 20 жыл бойы ешқандай әкімшілік құқықбұзушылық жасамағаныңыз үшін тоқтатып тұрмын.
Тәртіп сақшылары тәртіпті жүргізушіні цифрлық жүйе арқылы анықтап, автокөлік иесіне алғыс хат табыстады. 20 жыл бойы жол ережесін бұзбаған 47 жастағы Әнуарбек Әлімбетов барлық жүргізушілерді тәртіп сақтап жүруге шақырды.
Әнуарбек Әлімбетов, жүргізуші:
- Жол ережесі деген өзіңнің өмірің, біреудің өмірі. Өзіме де, өзгеге де зиянын тигізбеу керек. Ең алдымен асықпау керек. Жол ережесін сақтап, жан-жағына қарап, солай жүрсе жол ережесі бұзылмайды деп ойлаймын.
Тәртіп сақшылары қала көлемінде «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында әрбір көлікті тоқтатып, жол ережесі жазылған үнпарақтар таратуда. Ал айыппұлы бар жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Азамат Бадамбаев, қалалық патрульдік полиция батальонының командирі:
- Қазіргі таңда бізде "Қорғау" жүйесі бар. Әрбір қызметкердің қолында планшетіне енгізілген. Автоураганмен бірге айыппұлы бар жүргізішілер анықталып, ескерту жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұндай іс-шаралар жалғасады.
Түркістан облысының аумағында жол көлік оқиғасы жиі болатын 32 апатты учаске бар. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында патрульдік экипаж мүшелері жол қозғалысын бақылап, жылдамдықты асырмау үшін жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар биыл елді мекендер аумағында жолкөлік оқиғасы салдарынан қаза болу дерегі 27 пайызға дейін азайғанын айтады.
Бағланбек Айтпаев, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Бүгінгі таңда жолға қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғасының саны 4,5%-ға, қаза тапқандар 5,3%-ға, жарақат алғандар 18,4%-ға азайды. Әрбір жол-көлік оқиғасы және олардың туындау себептері бойынша егжей-тегжейлі талдаулар жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары жыл басынан бері жол қозғалысына тікелей әсер ететін 52 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған. Сондықтан жол қауіпсіздігі мен бағытталған шаралар жалғаса беретінін айтады. «Алайда темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер жылдамдықты асырмай, ережені қатаң сақтаса, жол апаты азайып, адам өміріне келетін қауіп те кемитін еді»,- дейді мамандар.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түркістан облысы #жол қауіпсіздігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz