Білім беру нысанының 14-і биыл пайдалануға беріледі. Соның есебінен апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілмек.
Биыл Таразда бес мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Ағарту ошақтарының басым көпшілігі 30-40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Оған қоса 24 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орын тапшылығы бар үш мектепте де жапсарлас құрылыс салынуда. Солардың бірі - 15-мектеп гимназиясы. Бұған дейін 550 орынға арналған ескі ғимаратта 800 бала оқитын. Шеберханалар мен талапқа сай спорт залы болмаған. Енді жаңа нысанда оның бәрі қамтылған.
Шолпан Есенәлиева, 15 мектеп-гимназия директоры:
- Ескі ғимаратта асхана медициналық кабинет сыртта болатын және спорт зал санитарлық талапқа сай емес еді. Ал енді, қазіргі таңда мына жаңа ғимаратта санитарлық талапқа сай үлкен спорт залымыз бар. Сонымен қоса 80 балаға арналған асхана және медициналық кабинет барлықтары түгел жабдықталған.
Ауыл аймақтарда мәселесі бар мектептер жетерлік. Солардың бірі - Жамбыл ауданы Жылыбұлақ ауылындағы мына орта мектеп. 68 жыл бұрын салынған ғимарат бұрын жеке тұрғын үй болған. Тек 21 жыл бұрын бастауыш мектеп ретінде ыңғайластырып ашылған. Қазір нысанның тоз-тозы шыққан. Шатыры тесіліп кейде су ағады. Қабырғаларында жарықша пайда болған. Ал жоғары сынып оқушылары көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.
Мақпал Телқожаева, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны:
- Көп ата-аналар мүмкіндік жоқ болғаннан кейін балаларын бұл жерде оқытқысы келмейді. Үйтіп алып кететін мүмкіндік болмаған соң, ауылда тұрған соң, осы жерде оқытамыз. Амал жоқ. Балаларға шын мәнінде обал ғой. Бөлмелер тар. Анау жерде от жанады, еще жанында оқып отырады.
Жуалы аудандық білім бөлімі: «мәселе алдағы жылдары шешіледі», - дейді. 50 орынға арналған шағын білім ордасының жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеп қойған. Тек республикадан 1 миллиард теңге бөлінуін күтіп отыр. Жалпы биыл облыста 26 мектепте құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 10 мектеп пен 4 жапсарлас құрылыс пайдалануға беріледі. Нәтижесінде бір апатты, үш ауысымда, орын тапшылығы бар алты және тағы сондай тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілмек.
Ләззат Қызылқұлова, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 1300 мектепті жаңғырту бағдарламасы аясында облыс бойынша 2025 жылы 10 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізіліп, пәндік кабинеттер мен қажетті жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар алты білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта үш білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Екі білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады, ал бір білім нысанының күрделі жөндеу жұмысы келер жылы аяқталатын болады.
Аймақта алты «Келешек мектепбі» пайдалануға берілді. Тағы бірі Шөлдала тұрғын алабында желтоқсан айында ашылмақ. Оның өзі сол аумақтағы орын тапшылығын шешеді. Жалпы 2026 жылы аймақта төрт жаңа мектеп бой көтеріп, сегіз жапсарлас құрылыс салынады. Оған қоса ескірген 26 мектепте жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан
Тегтер #Жамбыл облысы #білім беру нысаны #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz