Шығыс Қазақстанда биыл жол құрылыс саласында бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Мәселен, Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат сынды шалғайдағы ауыл-аймақ жұрты 10 жылға жуық уақыт бойы асыға күткен «Омбы – Майқапшағай» күрежолы салынып, ақыры қолданысқа берілді. Ұзаққа созылған «Талдықорған – Өскемен» тасжолы да аяқталды. Сонымен қатар шекарадағы екі ауданда өткізу бақылау пунктері жаңартылды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Биыл расымен де біздің облыста жол құрылысының қарқыны керемет болды. Ең маңызды деген, әсіресе халық ең көп күткен жобалар жүзеге асып, ақыры ел игіліне берілді. Жалпы 300 шақырымға жуық республикалық жол жөнделді. Біз қазір сол жөнделген бағыттардың бірі, тақтайдай болып жатқан «Алматы – Өскемен» бағытында тұрмыз.
Жалпы облыстағы ең ауқымды жобаның бірі де бірегей ол «Омбы –Майқапшағай» күрежолының құрылысының аяқталуы болды. Бұл жұмыс басталғалы 10 жылға жуықтаған еді. Талай кедергіге ұшырады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің маңызды бөлігі болып саналатын осы учаскенің жай-күйі әсіресе жергілікті жұртттың арқасына аяздай батты. Шалғайдағы ел Өскеменге жету үшін 10-12 сағат сапасыз жолмен қатынауға мәжбүр болды. Осы келеңсіздікке нүкте қойылып биыл әйтеуір жоба соңына жетті. 415 шақырым жол тұтас бітті. 215 миллиард теңге жұмсалды. Қазір жолаушылар теп-тегіс жолмен жүріп жатыр. Жолдан бөлек (КПП) тағы бір маңызды шаруа да аяқталды. Зайсандағы шекара шебінде бақылау өткізу пункті толық жаңартылды. Президент тапсырмасына сай бұл нысан заманауи талаптарға сай орынға айналды. Мәселен, бұрын бұл жерден Қытаймен арада қатынап жүрген көліктер жолдың тарлығынан сағаттап кезек күтіп қалатын еді. Енді сол жол екі жолақтан алты жолаққа кеңейтілді. Бұнымен қатар әрқайсысына 100 көлік сыятын екі бірдей үлкен автотұрақ салынып жатыр. Әрі бұл жер абаттандырылып, қонақүйлер салынып, тек тексеріс жасалатын емес, жолаушылар мен тасымалдаушыларға ыңғайлы жағдай жасалған кешенге айналмақ. Дәл осы сияқты Шемонаиха жақта Ресеймен арадағы өткізу пункті де жаңа кейіпке енді.
Сәтті іске асып жатқан жобалармен қатар әлі де болсын сағызша созылып келе жатқан құрылыстар да бар. Олардың бірі – Осинов, яғни «Өскемен – Алтай – Қатонқарағай» бағытындағы Тереңсай асуы. Серпантин жолды айналып өтетін жол құрылысы биыл аяқтала ма деп едік, тағы да кедергілер шықты.
Әділет Жампейісов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Иә, бұл жоба 2017 жылы басталып, үш жылдан соң аяқталу керек еді. Ең алдымен сол жол бөлігі салынып жатқан жер орман учаскесіне тиісті болғандықтан, соны теңгерімге алу үшін көп уақыт кетті. Қағазбастылық қанша уақытты алды. Сөйтіп, ол жоба тек 2023 жылы қайта басталды. Жап-жақсы жүрді. Асфальт төсеп, құрылыстың ең қиын жеріне жеткенбіз. Яғни пихтовка өзені үстінен өтетін көпір салыну керек еді. Дәл осы көпірді жобалау барысыныда геологиялық есептеулерден шикілік шыққан. Өйткені ол жердегі тау жынысы өзгеше болды. Жартасты аумақ. Тым көп қосымша жұмыстарды талап етті. Оның барлығы жобада болмаған еді. Сөйтіп, енді құжатқа өзгеріс енгізуге тура келді. Салдарынан құрылыс межелі уақытында аяқталмады. Енді тек келер жылы соңына жетеді.
Облыс халқы, әсіресе Алтай, Үлкен Нарын, Қатонқарағай тұрғындары бұл жобаны асыға күтіп жүргенін білесіздер. Енді алдағы жылы нүкте қойылар деген үміттеміз.
Биыл тұңғыш рет сол жақтың жолына назар аударылды. Асфальт төселіп жатыр. Бұл ең қиын жобалардың бірі, өйткені, байқап тұрған боларсыздар, ол жақта аспанмен астасқан тау көп. Яғни жолшылар ең қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Тіпті асфальт жаятын ауыр техника құз жартас бойында еңіске қарай жұмыс істейді. «Ол өздігінен сырғып кетпеу үшін сол ауыр техниканы тағы бір ауыр техникаға тіркеп қоюға тура келіп жатыр», – дейді мамандар. Жолшылардың сөзінше, дәл осындай күрделі географиялық жағдайдағы жол құрылысы бұрын-соңды елімізде болмаған екен. Жердегі жолдан бөлек облыста әуе жолы да келер жылы жаңа қарқын алады. Зайсан мен Қатонқарағайда әуежай салынып жатыр. Халықаралық мәртебеге ие болатын бұл құрылыстардың межесі де келер жылға жоспарланып отыр. Осы күрежол мен әуе жолдар реттелсе, аймақтың туристік әл-ауқаты бұрынғыдан да арта түспек.
Мінеки, біз өлкедегі биылғы атқарылған және аяқталуға жақын қалған ірі жол құрылыстарына тоқталдық. Әрине, әлі де атқарылар іс көп. Әсіресе шекаралық өңір Марқакөлде. Аудан орталығынан көл басына Ұранхай ауылына апаратын жолдың тоз-тозы шығып жатыр. Сондықтан шеттегі ел енді осы жұмыс жылдам қолға алынса, Марқакөлдің жаңа дәуірі басталар еді деген сеніммен отыр.
Тегтер #ШҚО #жол жөндеу #тасжол #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz