Шымкентте қараусыз қалған «Самал» шатқалын көгалдандыру үшін аумақ жеке кәсіпкерге жалға берілді. Жоба демеушілердің қаржысына жүзеге асуы тиіс. Билік өкілдері бұл бастама экологиялық жағдайды жақсартып, аумақты жасыл белдеуге айналдыруға бағытталғанын айтады. Алайда тұрғындар жаңа жоспарға сенімсіздік танытып отыр. Олардың айтуына қарағанда, бұған дейін мемлекеттік бағдарлама аясында бюджет қаржысына ұңғымалар қазылып, суару жүйесі тартылған. Ағаш көшеттері егілген. Алайда нәтижесі көңіл көншітпеді.
«Самал» шатқалы қайта құрылыс алаңына айналды. Ауыр техникалар тартылып, аумақ толықтай қазылған. Ал осыдан сегіз жыл бұрын жерді көгалдандыру мен абаттандыру мақсатында дәл осындай қарқынды жұмыс жүрген. Ағаш көшеттері егіліп, тамшылатып суару жүйесі жүргізілген. «Алайда атқарылған істен күткен нәтиже шықпады», - дейді әкімдік өкілдері.
Әуесбек Опабек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Самал шатқалы бізде Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан 2021 жылы қаңтар айында басқармаға өткізілген. Ешқандай ағаш көшеттері қабылданбаған. Тек жер телімі ғана өткізілген. Өткізілген кезеңнен бері шатқал аумағына ешқандай бюджет қаражаты жұмсалмаған.
Сала мамандары шатқалды абаттандыруға нақты қанша қаржы жұмсалғанын дөп басып айта алмады. Алайда ашық дереккөздерде көрсетілген мәліметке сүйенсек, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес 124 гектар жерді жайлы ортаға айналдыру жоспарланған. Осы мақсатта 2017 жылы 489 миллион, келесі жылы тағы 436 миллион теңге бөлінген.
Әуесбек Опабек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда қараусыз жатқан шатқалды тиімді пайдалану, шатқалды көркейту мақсатында жер телімі жеке тұлғаға қысқа мерзімге жалға берілген.
Енді «Самал» шатқалын жасыл белдеуге айналдыру міндеті кәсіпкерге жүктелді. Ол бұл аумақты көгалдандырып, балаларға арналған сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр. Жер телімі тоғыз жылға жалға берілді. «Осыдан кейін шатқал мен онда бой көтеретін нысан қала меншігіне өтеді», – дейді сала мамандары. Ал қалған шатқалдардың жай-күйі көңіл көншітпейді. Бірқатары сол күйі бос жатса, енді бірі заңсыз қоқыс полигонына айналған.
Найля Жорабаева, М.Әуезов атындағы университеттің «экология» кафедрасының аға оқытушысы:
- Мұндай қоқыс үйінділерінің тұрғын үйлерге жақын орналасуы өте қауіпті. Себебі құстар мен бұралқы ит-мысық қаптайды. Ал органикалық қалдықтардың шіруі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін.
Экология департаментінің мәліметінше, биыл 36 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Әсіресе бейнебақылау камерасы жоқ өзен-көлдің жағалауы мен сай-салаларға тұрмыстық қалдық көп тасталған. Мониторинг қорытындысымен әкімдіктің бірқатар лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:
- Өз аумақтарында белгіленіп, берілген жұмыстарын, дұрыс күтіп баптамағаны үшін аудандық тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ескерту және айыппұлдар салынды.
Бағдарлама аясында «Шымсая» мен «Қасірет» шатқалдары абаттандырылды. Жалпы аумағы 24 гектардан астам жер игеріліп, көгалдандырылған. Ал қалған шатқалдар әлі де қараусыз жатыр. Сондықтан өңірде бос жатқан жерлерді жасыл белдеуге айналдыру идеясы өзекті боп қала бермек.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #жалға беру #кәсіпкерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz