RU
Толық нұсқаға өту

Елорданың шағын ауданында «Әке мен бала бір сапта» әскери-патриоттық сайысы өтті

06.12.2025, 18:00 468

«Әке мен бала бір сапта».

Бүгін осындай атаумен елорданың Көктал шағын ауданында әскери патриоттық сайыс өтті. Тәуелсіздік күні қарсаңына орайластырылған отбасылық додаға жергілікті Koktal Junior Hall балалар орталығының тәрбиеленушілері әкелерімен бірге қатысты. Спорттық іс-шара Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

"Әке мен бала бір сапта" сайысына барлығы 30 адам қатысты. Алты жұп 5 командаға топтасты. Қатысушылар арасында елордалық Қиямеден Түсіпов те бар. Ол ұлымен бірге жалпы физикалық дайындық, эстафеталық жүгіру, арқан тарту, алғашқы медициналық көмек көрсету және арнайы киім үлгісін жылдам кию сияқты бірқатар сыннан сүрінбей өтіп, жүлделі үшінші орыннан көрінді.

Қиямеден Түсіпов, сайысқа қатысушы:

-Бұл іс-шара негізінен денсаулыққа ғой. Балам осы орталыққа қатысушы еді дзюдодан. Сол арқылы келіп тұрмыз. Негізі спорт бәрімізге де керек. Бүгінгі жарыс өте керемет болды. Үлкен деңгейде өтті. Қазақстанымыз өсе берсін. Кең байтақ жерімізде күліп ойнап жарқырап жүре берейік.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің барлық білім беру ұйымдарында "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бұл жоба тек балабақша, мектеп, колледждерде ғана емес, сонымен қатар осындай жеке меншік ұйымдарды да қамтып отыр. Бүгінгі іс-шара да жоғарыда айтылған бағдарламаның тәуелсіздік пен отаншылдық бағыты бойынша жоспарына кіреді.

Дидар Байтасов, Астана қаласы әкімдігінің балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

- Қазіргі таңда еліміздің 6 өңірінде пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді ваучерлік қаржыландыру деген, қосымша білім беру саласында. Астана қаласы осы жобаға кірген болатын. Бұл пилоттық жобада 800-ден аса мекеме тіркелген. Қазіргі таңда біз осы қосымша білім беру ұйымдарында "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алып келеміз.

Іс-шара соңында Koktal Junior Hall балалар орталығының тәрбиеленушілері келушілер назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Ал сайыстың жеңімпаздары мен қатысушылары алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мирлан Алтынбек, Қанат Махмутов, Дмитрий Димитриев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz