2027 жылға дейін Қазақстанда жүк таситын пилотсыз автокөліктер іске қосылады. Бұл жүк ағымын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда транзиттік жүк көлемі шамамен 29,5 млн тоннаға жеткен. Жалпы цифрлық технологияларды енгізу нәтижесінде автожолдардың өткізу қабілеті 20%-ға өседі. Көлік-транзит саласының даму барысы бүгін Үкімет отырысында талқыланды.
Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік хабына айналдыру. Мемлекет басшысы Үкіметке осындай міндет жүктеген. Осы тапсырмананың орындалу барысы туралы бүгін Үкімет үйінде бірқатар салалық ведомство басшылары есеп берді. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл жалпы ұзындығы 13 мың шақырым жол салынып, әрі жөнделіп жатқанын айтты. Жол жамылғысының 90%-дан астамы нормативтік-техникалық талаптарға сай. Жүк тасымалы көлемі де артып келеді. Тасымал көлемін арттыруға цифрлық шешімдер көмектеседі деп есептейді министр.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
- Автокөлік саласында жүк тасымалдау көлемі 288 млн тоннаны құрайды, өткен есептік кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайызға өсті. Автоматтандырылған өлшеу станциялары бұзушылықтарды анықтауды және бюджетке түсетін салым деңгейін 10 есеге арттырды. Бас прокуратурамен жүргізілген интеграция нәтижесінде ағымдағы жылғы 5 айдың қортындысы бойынша айыппұл төлеу қажеттілігі туралы 10 мыңнан астам нұсқама рәсімделді. Автокөлікпен жүк тасымалдау 42 елмен жүзеге асырылады.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде «Транзит» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Транзитке арналған цифрлық шешім бизнес пен мемлекет үшін бақылауды жеңілдетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, жүйе жүк қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Қазіргі уақытта жүйе 7 теміржол стансасында, 11 автомобиль өткізу пунктінде қолданылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің және одақ елдерінің жүйелерімен интеграцияланған. Жүйе бизнес үшін бақылауды жеңілдетіп, «жалған транзиттің» алдын алады, ал мемлекет үшін салық пен бюджет түсімдерін арттырады. Одақ аумағында толық енгізу 2026 жылдың ақпанына жоспарланған. Қазір жүйе пилоттық сынақтан өтіп,толық дайын.
Өз кезеңінде премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді жылдам цифрландыруды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес желтоқсан айында мемелкекеттік шекара арқылы өткізу пунктерін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Жақын арада 5 өткізу пункті іске қосылады. Осылайша, ЕАЭО сыртқы контурындағы барлық өткізу пунктері халықаралық стандарттарға сай болып жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте ішкі контурда Көлік министрлігі ҚазАвтоЖол компаниясымен бірге жұмыс қарқынын жеделдетіп, өткізу пунктерінің құрылысын жеделдетіп аяқтауы керек. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда.
2027 жылдың соңына дейін Қазақстан шекарасында 37 заманауи өткізу бекеті іске қосылады. Ал ел жолдарында пилотсыз автокөліктер жүретін болады. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиясын енгізу авиа және теміржол көлігінде де жүк тасымалы көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, пойыз қозғалысын жоспарлау уақыты 6 есеге қысқарады, ал әуежайларда жүктерді өңдеу 1 сағатқа дейін төмендейді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жүк тасымалы #жол #қызметPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz