RU
Толық нұсқаға өту

Білім көкжиегін кеңейту бір елмен шектелмейді

11.12.2025, 13:11 273

Білімді, саналы ұрпақ - тәуелсіз елдің тірегі. Етек-жеңімізді жиып, егемендігімізді алғаннан бастап білім беру жүйесінде оң өзгерістер орын алды.

Елде мыңдаған жаңа мектеп, балабақша, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындары салынды. Бүгінде Қазақстан - білім мен ғылым саласындағы әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Алдағы 5 жылда елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны 100 мыңға жетпек. Елімізді академиялық білім аймағына айналдыру жолында ұтымды жобалар қолға алынып жатыр. Жаһанмен ғылыми байланысты арттыруды тағы қандай тиімді тетіктері қарастырылған.

«UNESCO» дерегі бойынша, бүгінде 90 мыңнан астам қазақстандық студент шетелде білім алады. Шекара асып, білім қуған жастардың саны бойынша еліміз әлемдік көшбасшылар қатарында. Отандастарымыз негізінен Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяның оқу орындарын таңдайды. Бір ғана Ресейдің өзінде 60 мың, Қытайда 12 мың студент бар. Жастар арасында медициналық, техникалық мамандықтар мен ағылшын тілінде берілетін бизнес бағдарламалары сұранысқа ие.

Аружан Ермұхан, студент:

- Мектеп кезінде шетелге немесе Алматыға оқуға түскім келген. Қазақстанда шетелдік университеттер ашылып жатқанын естіп, қалуды шештім. Қазір Аризона университетінде Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің бірлескен қос диплом бағдарламасы бойынша ақпараттық технология мамандығында оқимын.

Еліміз бүгінде әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатып үлгерді. Халықаралық деңгейде 33 филиал ашылды. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 35 мыңнан астам шетелдік студенттер білім алады. Бұл - Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. Алдағы 5 жылда жаһанмен ғылым-білім арасындағы байланыс те арта түседі.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 3,5 жылдың ішінде Қазақстан шын мәнінде өңірімізде үлкен академиялық орталыққа айналды. 40-қа жуық мықты шетелдік филиалдар ашылды. Университеттеріміз енді инновацияның, ғылымның, ізденістің орталықтарына айналуда. 10-ға жуық жаңа келісімшарттарға қол қойылады. Ең мықты үш Финляндия университеттерінің консорциумы Астанада жаңа педагогикалық университет ашуға келісімін берді.

Шетелдік студенттердің көбеюі елге бірқатар мүмкіндіктер әкелетіні сөзсіз. Жоғары оқу орындарының халықаралық беделі артып, білім-біліктілікті арттыру байланысы нығаяды, Білімгерлер жергілікті экономикаға да үлес қосады. Шекара асып елге оқуға келетін жастардың көбі Алматы, Астана және Шымкент қалаларын жиі таңдайтын көрінеді. Мұның да тиімді тұсы жоқ емес. Өңірлік кадр даярлау үдерістеріне ықпал ететін анық.

Айдос Жұманазаров, сарапшы:

- Бұл Қазақстанға не береді? Ең алдымен әлемдегі өте атақты университеттердің білімін Қазақстаннан шықпай-ақ алуға болады. Тек қана білімнің емес, сонымен қатар ақшаның сыртқа шықпауына да тікелей әсер етеді. Қазақстанда қалғандықтан ішкі айналымға ол тікелей әсер етеді.

Алдағы жылдары Қазақстан шетелдік жастарды тартуды тағы да жалғастыратыны белгілі. Бұл бағытта виза жүйесін жеңілдету, жатақхана санын көбейту, ағылшын тіліндегі бағдарламаларды дамыту іске асырылады.

Авторы: Кәмшат Мұхамеджан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz