RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында жол қауіпсіздігіне арналған форум өтті

12.12.2025, 17:40 362

Түркістан облысында жыл сайын 200-ден аса адам жол апатынан мерт болады. Дегенмен қабылданған шаралар нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғалары және қаза болғандар саны азайған. Бұл туралы «Заң мен тәртіп» аясында өткен «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» атты форумда айтылды.

Форум театрландырылған көрініспен басталды. Онда мас күйде көлік жүргізудің салдары қайғылы оқиғамен аяқталатыны көрсетілді. Жиында баяндамалар жасалып, жол ережесін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Мұрат Қабденов, Полиция департаментінің бастығы:

- Өкінішке қарай, үлкен жылдамдықпен құқықбұзушылық жолдағы қауіптің ең басты себептері. Егер жүргізушілер ережелерді қатаң сақтап, жылдамдықты асырмай, жол белгілерін елесе, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болар еді. Қазіргі таңда жол қауіпсідігін күшейтуге бағытталған заманауи технологиялар мен интелектуалды жүйелер кезең-кезеңімен енгізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр. 

Форумға облыс және күштік құрылым басшылары, жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілері, жол ережесін жиі бұзатын темір тұлпар иелері де қатысты. Ал ереже бұзбаған жүргізушілерге арнайы сый-сияпат жасалды.

Сапархан Ермағамбет, жүргізуші:

- Көп нәрсе сол асығыстықтан. «Уақыттан ұтылмаймыз», – деп апатқа ұшырап жатады. Себебі көбі мұндай форумды көре бермейді. Осындай жиі болып тұрса, адамның ой-санасы дамып, тәртіп бұзбауға тырысады.

Мақпал Орынбасарқызы, жүргізуші:

- Мен 6 жылдан бері көлік жүргіземін. Осы уақытқа дейін жол ережесін бұзған жоқпын. Полиция қызметкерлеріне ұсталған жоқпын. Соның арқасында бүгін осындай марапатқа ие болдым. Түркістан облысының ПД алғыс айтамын.

Жиынға қатысушылар: «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның міндеті емес, ең бастысы қоғамның өзі бірлесе әрекет етуі қажет», – дейді. Ортақ жауапкершілікпен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде ғана қауіпсіз орта қалыптастыруға болатыны айтылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz