RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Халық заңгері» науқаны өтті

13.12.2025, 13:15 338

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде елордада «Халық заңгері» акциясы өтті. Науқан барысында қала тұрғындары заңгерлерден, адвокаттардан және мемлекеттік органдар өкілдерінен тегін кеңес алды. Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға қолдау көрсету. 

«Халық заңгері» акциясы дәстүрлі сипатқа ие болып келеді. Науқан шеңберінде Байқоңыр ауданының тұрғындары заңгерлерден құқықтық кеңес алды. Білікті прокурорлар, мемлекеттік органдар өкілдері, адвокаттар мен нотариустар келушілерді тегін қабылдады. Өз кезегінде азаматтар көкейкесті сауалдарына тұщымды жауап алды.

Гүлара Жарылқасынқызы, қала тұрғыны:

- Бұл сауда орталығында біз үшін өте пайдалы кездесу ұйымдастырылды. Жаңа ғана өзіме керек кеңес алдым. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігім бар. Сол бойынша заңгерлік түйткілдерді шешу туралы толық ақпарат берді. Акцияны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Алдағы уақытта мәселелерім шешіледі деген ойдамын. Мұндай алаңға бірінші рет келіп отырмын. Кіреберістегі жарнаманы көріп бірден осы жерге барғаным дұрыс болды.

Заң саласындағы бүкіл мамандық иелері бір алаңда бас қосты. Қолайлылық үшін барлық қызмет түрі бір жерде ұсынылды. Кезек күту немесе артық құжат тасу мәселесі болмады. Нақты уақыт режимінде адамдарға ақпараттық қолдау көрсетілді.

Қазбекби Берғалиұлы, Байқоңыр ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры:

- Шараның басты міндеті – аудан тұрғындарына қолжетімді және кәсіби-құқықтық көмек көрсету. Аталған акция бір реттік шара емес. Алдыңғы жылы аудан прокуратурасымен осындай кездесулер мен құқықтық кеңестер бірнеше рет ұйымдастырылып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың мәселелерін ашық форматта талқылауға жағдай жасалып келеді. Бүгінгі акцияға түрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, азаматтық заңнама бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау мәселелері бойынша кеңес беруге дайын екенін көрсетті.

Байқоңыр ауданының прокуратурасы тұрғындарға кез келген заңгерлік сұрақ бойынша әрдайым кеңес беруге дайын. Азаматтарды қабылдау жұмыс күндері таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:30-ға дейін жүреді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Шукажанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz