Қарқаралы ауданында әмбебап құтқару бөлімшесі іске қосылды. Енді қызметкерлер өрт сөндірумен қатар апаттық-құтқару, іздестіру және төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын да атқарады. Сонымен бірге Қарқаралы ұлттық паркінің орманды-таулы аймақтарына дабылы бар спутниктік мұнаралар орнатылып жатыр.
Бұған дейін өрт сөндірушілер салынғанына 50 жыл болған ескі ғимаратта отырды. Жұмыс ауқымы көп болғанымен тозығы жеткен техникамен, құралдармен жұмыс істеді. Ал жаңа құтқару бөлімінде барлық жағдай жасалған.
Жаңа бөлімше заманауи техникалармен, жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда жаттығу залы, психологиялық кабинет, демалыс бөлмесі және асхана бар. Техника, құрал-жабдықтың барлығы жаңа. Тіпті құтқарушылардың мына су өткізбейтін, күйік шалмайтын жұмыс кимідеріне дейін ыңғайлы етіп тігілген.
Арғын Мұқаш, өрт сөндіруші:
- Бізге осындай жаңа техника, жаңа бөлімше салып, жаңа киімдер беріп жатыр. Оның барлығы біздің жұмысымызды арттыруға, кәсібімізді арттыруға өте септігін тигізіп жатыр. Ол халыққа да көрініп, халықтың да сенімін арттырып жатыр.
Табиғаты тамаша Қарқаралы өлкесіне туристер көп келеді. Сондықтан өрт сөндірушілерден бөлек, құтқару қызметінің де жұмысы ауқымды. Олар радиусы 250 шақырым төңірекке қызмет көрсетеді. Биыл аудан бойынша 39 өрт болды. Орманда адасқан 30 адам құтқарылды. Енді мұндай оқыс жағдайларға бұрынғыдан да жылдам әрекет етуге мүмкіндік бар. Қазір құтқарушылар іздестіру жұмысын тепловизормен жабдықталған дронмен, жол талғамайтын көлік түрлерімен жүргізеді.
Алмас Ыбыраев, Қарқаралы ауданы тжб бастығы:
- Өрт сөндіру техникалары, одан бөлек құтқару жасағының техникалары, квадрациклдар, қайықтар барлығы жаңартылып, жаңа стандарттарға сай техникалар қойылды. Штат саны бізде өрт сөндіру бөлімінде 23 адам, жаңадан ашылған қатқару қызметінде бізде қазір 11 адам. Оның ішінде бізде скалолаздар да, водолаздар да бар.
Таулы, орманды өлкенің 112 120 гектар жері Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тиесілі. Біраз аумағы демалыс орындары үшін жалға берілген. Оларда табиғаты көркем жерлерге апаратын туристік маршруттар көбейіп келеді. Сондықтан өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп жатыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағына мынадай 18 мұнара қойылады. Олардың басына 30 шақырым төңіректі түсіре алатын, 360 градуста жұмыс істейтін бейнекамералар орнатылады. Соның арқасында өрт шыққан аумақты жедел анықтауға болады.
Руслан Төлепбаев, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
- Қазіргі таңда осы 18-дің сегізі бой көтерді. Осы мұнара 24 сағат бойы, тәулік бойы орманды бақылап тұрады. Түтін шыққан жерді, өрт шыққан жерді нақты белгілеп, нақты координаттарын қай квартал, қай жерде болғанын белгілеп беруге мүмкіншілік береді.
Биыл жалпы аумағы 130 гектаржерді қамтыған сегіз өрт оқиғасы тіркелді. Олардың барлығы шалғынды алқаптарда шыққан. Абырой болғанда, тілсіз жау орманды алқапқа жетпей, дер кезінде сөндірілген.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы , Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды #ұлттық парк #құтқаруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz