Көлік қызметтерінің көлемі шамамен 21 пайызға өсті. Он айдың көрсеткіші осындай. Бір ғана транзиттік тасымал түрімен 29 млн тонна жүк жеткізілген.
Әуе, теміржол және көлік логистикасында серпін бар. Десе де босаңсуға болмайды. Президент елді логистикалық хабқа айналдыру міндетін жүктеген еді. Ол үшін тозған жолды жаңғыртып, жаңа бағыттар ашуға пәрмен берді.
Қырық құрақ, шұрық тесік тас жолдар тұрғындарды титықтатып, тасымал ісін тұралататыны белгілі. Бізде тақтайдай тегіс те, тозған жол да жетерлік. Дегенмен жауаптылар қол қусырып отырған жоқ. Биыл 13 мың тас жол жөнделді. Бұл – бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Жаңғыртудан кейін жергілікті жолдың жағдайы 91 пайызға жақсарды. Көлік министрі осылай дейді.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
- Биыл «Қалбатау – Майқапшағай», «Ұзынағаш – Отар» және Қызылорда – Жезқазған» жобалары аяқталатыны атап өтілді. Орташа жөндеу жұмыстары шеңберінде Жезқазған – Петропавл және Қарағанды – Қарқаралы республикалық жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталды.
Саладағы сандарға зер салсақ, биылғы он айда автокөліктер арқылы 288 млн тонна тауар тасымалданып, жүк көлемі 1,7 пайызға артқан. Ал әуе көліктерімен 13 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,5 пайызға көп.
Темір жолмен 380 млн тонна жүк жеткізілді. Былтырғымен салыстырғанда сегіз пайызға өсім бар. Алда көрсеткіш көбеймесе, кемімесі белгілі. Себебі сол жауаптылар шойын жолдарды жаңғыртуға ниетті. Айталық, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол желісі жөнделеді.
Әнуар Амантаев, «ҚТЖ» ҰК магистральдық желілер дирекциясы филиалы директорының орынбасары:
- Қазіргі уақытта теміржол желісінің барлық бөлігінде ауқымды, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл біз бір мезгілде жалпы ұзындығы 1700 шақырым болатын жаңа теміржол желілерін салу жобаларын іске асырдық. Достық – Мойынты учаскесінде жалпы ұзындығы 836 шақырым болатын екінші жолдардың құрылысы аяқталып, пойыз қозғалысы іске қосылды. Жоба аталған учаскенің өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жол торабы бізді Қытай Халық Республикасымен байланыстырады және негізгі транзиттік дәліз болып табылады.
Жолдарды жаңғыртумен қатар ғимараттар мен өткізу бекеттерінің әлеуетін арттыру да маңызды. Осы бағытта 124 теміржол вокзалы жөнделеді. 46-сының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы шекарааралық өткізу орындарының 5-еуі жаңғыртылады.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы
Тегтер #президент #логистикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz