RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысындағы елді мекендер ауыз сумен 100% қамтылады

15.12.2025, 08:12 354

Жамбыл облысындағы елді мекендердің барлығы жыл соңына дейін 100% сапалы ауыз сумен қамтылады.

Президент тапсырмасын орындау үшін биыл бұл бағытта 14 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 24 ауыл мен 9 тұрғын алабына орталықтандырылған су желісі тартылды. Қазір олардың басым көпшілігі пайдалануға берілді. Солардың ішінде Тұрар Рысқұлов ауданыдағы Сөгеті ауылы да бар.

Мерей Бает, тілші:

- Ауылдықтар бұған дейін 70 жыл бұрын салынған мына су мұнарасынан тіршілік нәрін тұтынған. Бастапқыда кеңестік кезеңде салынған су желісін пайдаланғанымен, кейін ол құбырлар шіріп, тозып бітеліп қалған. Салдарынан мұндағы тұрғындар соңғы 40 жыл бойы ауыз суды тасып ішкендерін айтып отыр. 

Әділбек Ережепбаев, Сөгеті ауылының тұрғыны:

- Жыл сайын екі рет насос айырбастаймыз. Өзі тереңнен шығады бұл 150 метрден қазылған. Ал бірақ 120 метрден насос тастап жүрдік. 40 жылдай тасыдық қой.  

Сөгеті ауылындағы су мәселесін шешу үшін бюджеттен 464 млн теңге бөлінді. Тереңдігі 117 метрлік 2 ұңғыма қазылып, әрқайсысы 100 текшеметрлік 2 су қоймасы салынды. Ауылішілік ауыз су желісі жүргізіліп, құбырлар үйді үйге тартылды. Нәтижесінде қазір тұрғындар таза ауыз су тұтынып отыр. 

Мадина Едігеева, Сөгеті ауылының тұрғыны:

- Биылдан бері су кіріп үйімізге жанымыз кіріп, қолымыз ыстық судан шықпай жақсы болып қалды. Өте керемет. Стиральный машинаны да қосып жатырмыз, үйге дәретхананы душты да кіргізіп жанымыз кіріп жақсы болып қалды. Үйдегі қарт кісілерге өте керемет болды.  

Тұрар Рысқұлов ауданында 42 елді мекен бар. Тіршілік нәрінен тарыққан 4 ауылдың мәселесін шешу үшін республикалық қазынадан 2 млрд теңге бөлініп, құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жақын күндері Ақбұлақ ауылдық округіндегі Сабденов ауылында су жинақтау ғимараты пайдалануға берілмек. Бұл аудандағы ауыз сусыз отырған соңғы ауыл еді, дейді жауаптылар.

Медет Әденов, Т.Рысқұлов аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және АЖ бөлімі басшысының м.а:

- Биылғы жылы 3 елді мекен 1 тұрғын үй алқабында су имаратының құрылысы жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін 41 елді мекен ауыз сумен қамтылып отыр. Ол 98 пайызды құрайды. Мынау соңғы Сабденов ауылындағы су ғимараты іске қосылған жағдайда Т.Рысқұлов ауданы 100 пайыз сумен қамтылады.

Жалпы облыстағы 24 ауыл мен 9 тұрғын алабын таза ауызсуға қосу үшін 14 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Қазір олардың 24-інде ауыз су желісі іске қосылды. Қалған елді мекендерде құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Нәтижесінде облыс тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылады. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz