Қазақстан биылғы 9 айда 75 млн тоннадан астам мұнай мен газ конденсатын өндірді.
Алда жыл сайынғы өндіріс көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа ірі инвестициялық жобалар мен мұнай-газ саласын кешенді цифрландыру арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.
Алдымен ірі жобалар жайында. Қазір Қашағанда мұнай өңдеу зауыты, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры және «Полиэтилен» мұнай-химия алыбының құрылысы жүріп жатыр. Қуаты 1 ГВт болатын үш көмір жылу электр орталығы іске қосылады. Елде инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларынан асатын «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» ірі теңіз кен орындары игеріле бастайды. Ал теңіз платформалары құрылысының отандық зауыттарда жүргізілуі ерекше маңызға ие оқиға болмақ. Саланың одан әрі өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін заманауи технологияларға көшу міндеті қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ықпал ету қажет. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән беру керек. Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру қажет.
Былтыр 14,5 млн тонна мұнай өнімі өндірілді. 2040 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Цифрландыру мен интеллектуалды жүйелер өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, отынның «көлеңкелі» айналымын азайтуға да мүмкіндік береді - деді сала басшысы.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- 2040 жылға қарай заманауи мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарда тұр. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге сондай-ақ мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «жасыл» энергетикаға көшу бағдарламасы аясында жалпы қуаты 4 ГВт болатын бірнеше баламалы қуат көзін өндіру жобасы іске қосылады. Бұл жоспар энергия ресурстарын өндіруді, өңдеуді және экспорттауды арттыруға бағытталаы.
Марат Дұлқайыров , ҚР Инженер-энергетиктер одағының бас директоры:
- Бүгінде оңтүстік аймақтарда электр қуатының тапшылығы басым. Сондықтан дәл осы оңтүстік бөлікте бу-газ электр станцияларын жобалау және салу жұмыстары басталды. 2026 және 2027 жылдары бұл нысандар пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Сонда жаңа қуат ала бастаймыз. Екі атом электр станциясын салу мәселесі де дұрыс шешім. Яғни бұл ел үшін базалық, таза әрі арзан электр энергиясы.
Былтыр еліміздің мұнай-газ өндірісіне 125 жыл толды. Тәуелсіздік алғалы теңіздің тереңінен өндірілген «қара алтын» көлемі төрт есе артты. Иә, бұл сала ел экономикасының негізгі күші. 200-ден аса мұнай-газ кен орны 200 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мұнай #газ #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz