RU
Толық нұсқаға өту

Елде 2 млн кәсіпкер бар

15.12.2025, 19:30 406

Бес жылдың бедерінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты.

Осылайша, жеке сектордың жалпы экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бұл жайлы кәсіпкерлермен кездесуде Президент айтқан еді. Иә, салада серпіліс бар. Дегенмен босаңсуға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптен нәсіп көріп отырған қарашаны қолдауға қарқын қосып, бюджетке де, бизнеске де жайлы жағдай жасауды тапсырған. Әңгіме субсидия мен салық саясаты жайлы. Президент пәрмені қалай орындалуда? 

Елде екі миллионнан астам кәсіпкер бар. Ал жеке секторда еңбек ететін халықтың саны 4,5 млн-нан асты. Бұл жалпы жұмысқа жарамды жандардың тең жартысы. Бес жылда бизнес өкілдерінің қатары 1,5 есе артып, саладағы өнімділік 2,5 есе көбейді. Қош, салада серпіліс бар. Солай дегенмен қазынаға түскен табыс төмен. Әңгіме, салыққа салғырттық танытатындар жайлы. Мәселен, кәсіпкерлердің 80 пайызы салық төлемейді. Салдарынан бюджет қыруар қаржыдан қағылып отыр. Бұл жайлы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов баяндаған.

Кәсіпкерлер - 1,5 есе

Өнімділік - 2,5 есе

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі: 

- Бүгінгі күні еліміздегі 2 млн жеке кәсіпкердің 44%-ы декларацияда ешқандай айналым көрсетпейді немесе мүлде декларация тапсырмайды. Бұл шамамен 1 млн-ға жуық жеке кәсіпкер өз айналымын жасырып отырғанын білдіреді. Жалпы алғанда бизнес субъектілерінің тек 20%-ы ғана жылына 1 млн теңгеден жоғары салық төлейді, ал 80%-ы салық төлемейді. 

Салық саны 20% азайды

Мұны мемлекет басшысы да баса айтты. Көлеңкелі экономиканмен күресу үшін салық саясатын қайта қарап, бюджетпен бірге бизнеске де ыңғайлы реформа жасауды тапсырды. Нәтижесінде салық саны 20 пайызға азайды. Ал салықтық есептілік 30 пайызға кеміді. Жаңа кодекс алдағы айда күшіне енеді.

Салықтық төлем түрі - 20%  

Салықтық есептілік - 30%

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің басқарма басшысы:

- Жаңа Салық кодексінің ең басты міндеті, принципі бизнестің жұмысын қиындатпай, әділ және тиімді салық жүйесін құруға бағытталған болып келеді. Бұл шараның ішінде микро және шағын кәсіпкерлерді барынша қолдау болып келеді. Осы шағын бизнеске 3 салық режимі  қарастырылып отыр. Бірінші ол өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін. Екінші оңайландырылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі. және шаруа және фермерлік қожалықтарға арналған арнаулы салық режимдері.

Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау қарқын алды

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев саланы цифрландырып, кәсіпкерлерді қағазбастылықтан құтқару керектігін ескерткен. Осы мақсатта ЕgovBusiness платформасы іске қосылды. Биылдың өзінде 4,6 млн қызмет көрсетілді. Бұдан бөлек, қаржылай қолдау да қарқын алып келеді. Айтайық, Даму қоры арқылы 2320 жобаға 410 млрд теңге жеңілдетілген кредит берілді.

«ЕgovBusiness» платформасы - 4,6 млн мәрте

2 320 жоба - 410 млрд теңге

Динара Таженова, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары:

- Ағымдағы жылы Даму қоры базасында екі кепілдік қоры құрылды. ШОБ арналған кепілдік қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды және ірі инвестициялық жобаларға арналған кепілдік қоры. Екінші қор бойынша 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қаржыландыруды қамтиды. 

Алмақтың да салмағы бар. Салаға салынған салым салық болып бюджетке келетіні белгілі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер қоғамдық жұмыстарға жүйелі жәрдемдесіп келеді. Айталық, биылғы «Парыз» байқауының қатысушыларының өзі қайырымдылық шараларына 37 млрд теңге қаржы бөлген.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz