Қазақстан қор биржасы блокчейн және цифрлық қаржы саласындағы әлемдік «Solana Foundation» ұйымымен ынтымақтастық орнатты.
Абу Дабиде қос тарап өкілдері кездесіп, бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Құжат еліміздің қаржы нарығына инновациялық шешімдерді енгізуге, активтерді токендеуге және «Solana» өнімдерін дамытуға жол ашады.
Әлемдік қаржы нарығы кейінгі жылдары цифрлық шешімдерге бет бұрды. Блокчейн және «digital» активтер жаңашылдық ретінде кең танылып келеді. Осындай әлемдік үдерістен Қазақстанның қаржы жүйесі де қалыс қалмақ емес. Абу Дабидегі келісім - осы бағытта жасалған маңызды қадамның бірі. Бұл жолы отандық биржа цифрлық қаржы саласындағы халықаралық алпауыт ұйыммен бірлесіп жұмыс істеуге ден қойды. Нарық инфрақұрылымын озық инновациялық шешімдер негізінде жаңғыртуға кірісті.
Әділ Мұхамеджанов, Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы:
- Қазақстан қор биржасы мен цифрлық шешімдер саласындағы әлемдік технологиялық көшбасшылардың бірі – «Solana Foundation» арасында меморандумға қол қойылды. Бұл ынтымақтастық «KASE» алаңында озық технологиялық және бизнес шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Бізбен бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытқаны үшін серіктестірімізге ризашылық білдірдік. Сервистер желісін кеңейтуге, инвесторларға Қазақстанда, сондай-ақ одан тыс жерлерде қосымша мүмкіндіктер ұсынуға ниетті екенімізді растадық.
«Solana Foundation» - әлемдік блокчейн нарығын жаңа деңгейге көтерген коммерциялық емес құрылым. Интернет капитал, төлем және криптоқосымшалар желісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, біркелкі жұмысына тікелей ықпал жасайды. Жаһандық деңгейде танылған. Жаңа меморандумның қазақстандық тарап үшін берері мол. Ең алдымен озық шешімдерге қол жеткізуге тікелей жол ашады. Әрі еліміздің цифрлық қаржы нарығын заманауи үрдістерге бейімдейді.
Лили Лью, «Solana Foundation» президенті:
- Биыл біз Қазақстанның түрлі институттарымен бірлесіп жұмыс істеу тұрғысында оң тәжірибе жинадық. Жасанды интеллектіден бастап цифрлық активтер мен прогрессивті реттеуге дейінгі жетекші әлеуеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің ел соңғы он жылға жуық уақытта осы саланың даму қарқыны жөнінен көш бастап келеді. Бүгін біз серіктестерімізбен бірге капитал нарықтарын блокчейнге көшіру және Қазақстанды жаһандық капитал экожүйесіне интеграциялау жолдарын іздеп жатырмыз. Мұның барлығы - біздің осы елдегі бастамаларымызды ілгерілетудегі кезекті қадам. Оған нақты активтерді токендеу мен өзге де цифрлық қаржы құралдары бойынша жобалар кіреді.
Меморандум негізінде тараптар алдағы уақытта активтерді сандық форматқа көшіру, қаржы жүйесіне инновацияларды енгізу және блокчейн жүйесіне арнайы инфқұрылым әзірлеуді бастайды. Отандық биржа осы арқылы халықаралық стандарттарға толық сәйкес болуды көздеп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл серіктестік еліміздің қаржы секторына тың серпін береді.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz