Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласында бой көтеретін жаңа көпірдің құрылысына қатысты жоба бекітілді.
Аудан орталығындағы қазіргі гидроқұрылғы 63 жыл бұрын салынған. Соңғы жылдары оның тозығы әбден жетіп, нысан апатты деп танылды. Қауіпсіздік мақсатында көпір үстімен қозғалыс бір бағытқа ғана ұйымдастырылып, бұл шешім тұрғындар үшін күнделікті қатынасты қиындатқан. Осыған байланысты жергілікті жұрт жаңа көпір салу мәселесін талай жылдан бері көтеріп келеді.
Бұл - Шемонаихаға апаратын көпір ғана емес, трансшекаралық маңызы жоғары инфрақұрылым. Аудан шебінен Ресей шекарасына дейін бар болғаны 25 шақырым. Екі ортада көлік нөпірі көп, алайда, өтетін көпірі жоқ. Биыл көрші елмен арадағы кеден бекеті жаңғыртыла бастады. Жүк көліктеріне бөлек, жеңіл автотранспортқа бөлек жолақ түседі. Яғни бекеттен өту уақыты қысқарады. Дегенмен қаладағы көпірге жеткенде, сол көліктер қайтадан кептеліске тап болады. 63 жыл бұрын салынған өткел апатты жағдайда тұр. Сондықтан мұнда бағдаршам қойылып, бір бағытты қозғалыс тәртібі енгізілген.
Сергей Кик, көлік жүргізушісі:
- Барлық көлік осы көпір арқылы қалаға, әрі қарай Ресейге өтеді. Бері қарай келетіндер де қаншама. Сол себепті жаңа көпір салынса екен дейміз. Ең бастысы қауіпсіздік қой. Кең әрі сапалы өткел салынса барыс-келіс тіпті жақсарады.
Жаңадан салынатын көпір Қытай, Қазақстан, Ресей арасындағы транспорт дәлізінің нүктесі болмақ. Былтыр облыста бұл бағыттағы ең ірі жобалардың бірі - Бұқтырма көпірі бой көтерген еді.
Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:
- Жаңа көпір біздің ауданның экономикалық дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Мәселен, Бұқтырма өткелі қазір ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Енді біздегі гидроқұрылғы бой көтерсе, Ресей-Қазақстан-Қытай арасындағы жол қысқарады. Бұл бәрімізге де ұтымды шешім.
Мамандардың айтуынша, Шемонаихадағы жаңа өткел құны 8 млрд теңге. Ол қолданысқа берілсе, үш ел арасындағы транзиттік әлеует бұрынғыдан да арта түспек.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ШҚО #көпір #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz