Ауыл шаруашылығында маңдай терін төгіп жүрген жандар да Мемлекет назарынан тыс қалған емес. Сарыағаш ауданында күніне 130 сиыр сауып, фермада тынымсыз еңбек ететін Гүлнәр Әбдіраманова да Президент қолынан марапат алды.
Сиыр сауу оңай шаруа емес. Жүздеген сиырды аппаратпен сауған күннің өзінде өндірістік міндетті мүлтіксіз атқару үшін адамға табандылық пен ерік-жігер керек. Гүлнәр Ұзақбайқызының бойында ол қасиет бар. Дарбаза ауылының тұрғыны 10 жылдан бері фермада еңбек етеді. Бұрын жұмыстың бәрін қолмен атқаратынбыз,- дейді тәжірибелі сауыншы.
Гүлнәр Әбдіраманова, сауыншы:
- Бұрын біз 4 әйел күніне 100 бас сиыр сауатынбыз. Әр әйел 25-30 сиырды қолмен сауатынбыз. Белім ауыратын, қолымызға күбіртке шығып кететін. Қиыншылықтар болды. Соған қарамастан істеп келдім, бала-шағаны бағу керек болды. Қазір осы үш жылдан бері заманға сай аппаратпен сауамыз, барлық жағдаймызды жасап берді.
Гүлнар Әбдіраманова үздік сауыншы ғана емес, көпбалалы ана. Жолдасы Бахтияр Әбдіраманов екеуі бес бала тәрбиелеп, екі немере сүйіп отыр. «Ырыс - ұмтылғанға үйіріледі» демекші, қарапайым сауыншының еңбегі өз жемісін берді. Жақында оны Президент елордада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 2-ші форумында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Гүлнәр Әбдіраманова, сауыншы:
- Қатты толқуда болдым, қатты қуанғаннан жылап та алдым. Президенттің қолынан шынымен маған бұйырды ма осы деп. Қобалжыдым, оңай болған жоқ. Президентімізге рахмет, еңбегімді бағалап, марапаттағаны үшін. Өте қуанып жатырмын. Әлі күнге дейін сенбеймін, шынымен алдым ба деп. Астанаға да бірінші рет бардым, ұшаққа да бірінші рет міндім, осы еңбектің арқасында.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында 200 мыңнан аса адам еңбек етеді. «Барлығы да жұмысына адал, марапатқа лайық», - дейді жауаптылар.
Абзал Құттыбай, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Сауыншы болып жұмыс істеп жүрген Гүлнар Ұзақбайқызын таңдадық. Себебі оның жылына сауу көрсеткіші 5800 литрді құрады. Сол серіктестіктегі ең алдыңғы қатарда болды. Біздің марапатқа ұсынудағы мақсатымыз – жұмысшы, қарапайым азаматтар болуын көздедік. Себебі жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру, олардың ел алдындағы беделін айқындау – ауылшаруашылығы саласына үлкен бір үлес қосатын жағдай.
Мамандардың айтуынша, биыл облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 132 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 85 мыңы тұрақты, ал 47 мыңға жуығы субсидияланатын уақытша жұмыс орнымен қамтылған. Статистикалық дерекке сүйенсек, елдегі 2 млн 300 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Жұмысшы мамандықтар жылы #ауылшаруашылығы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz