RU
Толық нұсқаға өту

«Еңбек» байқауының жеңімпаздары анықталды

22.12.2025, 13:00 235

Ақтөбеде еңбек өтілі үш ғасырға жуықтаған инженерлер әулеті тұрады. Өңірдегі ірі зауытта Батановтар отбасының төрт мүшесі тер төгіп жүр. 

Бастапқыда өндіріске жеті адам болып келген. Бүгінде үлкендері зейнет демалысына шықты. Жұмысшы мамандығына адал отбасы облыстық «Еңбек» байқуында жүлдегер атанған. 

Абай Батанов мектеп бітіре сала рентген құрылғыларын шығаратын зауытқа жұмысқа орналасады. Бозбала шағында ата-анасының ізімен келген жас маман бастапқыда  жұмысшы болды. Жоғары оқу орнын тәмәмдағаннан кейін конструктор, аға шебер және технолог болып қызмет етеді. Тәжірибелі маман қазір зауыттың бас механигі.

Абай Батанов, зауыттың бас механигі:

- Біз тоғыз ағайындымыз. Бауырларымның жетеуі осы зауытта еңбек етті. Бірінші ағам жөндеу цехіне жұмысқа орналасты. Одан кейін мен келдім. Артымыздан інім де зауытта темір ұстасы, бригадир болды. Кейін қарындастарым қосылды.

Абай Батановпен бірге зауытта үш қарындасы еңбек етіп жүр. Ақжарқын мен Роза электрмонтаждаушы болса, Гүлжан – логист. Әрқайсысының еңбек өтілі 40 жылға таяған. 

Ақжарқын Омарова, электрмонтаждаушы:

- Электрмонтаждаушының басты құралы – дәнекерлеуіш пен қайшының бірнеше түрі. Электр сұлбаларымен жұмыс істейміз. Тақтасын да әзірлеп, осы жерде басып шығарамыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұқыптылық пен байсалдылық қажет. 

Роза Батанова, электрмонтаждаушы:

- Орта мектепті бітірген соң басқа өндіріс орнына жұмысқа орналасқан едім. Алайда ол жер маған ұнамады. Зауытқа келген соң өз орнымды тапқанымды түсіндім. Ұжым арасында спорттық ойындар, мәдени шаралар жиі өтіп тұратыны көңілімнен шықты.

Кейіпкерлеріміз қазір зейнет жасына жеткенімен еңбектен қол үзбеген. Кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығы әріптестерге үлгі. 

Виктор Свердлов, зауыттың бас инженері:

- Батановтар әулетін әрдайым мақтанышпен айтамыз. Өз ісінің шеберлері. Үлгі тұтар мамандар. Өндіріске және зауыттың қоғамдық өміріне қосқан үлесі зор.

Биыл Батановтар әулеті облыстық «Еңбек» байқауының жүлдегері атанды. Жеңімпаздар марапатты 300 жылға таяған еңбек өтілін бастаған ата-анасына арнады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдагалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz