RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 50-ден астам үлескер пәтеріне қол жеткізе алмай жүр

22.12.2025, 17:30 250

Алматыда 50-ден аса үлескер пәтерін ала алмай жүр.

Екі үй таудың етегінде элиталы ауданда салынуы тиіс болған. Құрылыс компаниясы пәтерлер дайын күйде, тұрмыстық техникасымен қоса беріледі деп жарнама жасаған. Бірақ уәде орындалмады. Кешеннің біреуі жобадан ауытқыған соң бір қабатын бұзуға тура келген. Екіншісінің құрылысы тіпті басталмаған. Күдіктілер жарты жылдан бері қамауда отыр. Олардың үстінен алаяқтыг бабы бойынша іс қозғалған. Қазір осы жәйтке қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Жанға жайлы болады деген Pine Hill және SkyClub House клуб үйлері үлескерлердің бас ауруына айналды. Сот 55 адамды жәбірленуші деп таныды. Олар 1 миллиард 145 миллион теңгесін қайтара алмай жүр. Солардың бірі алматылық Әсел Үмбетәлиева басындағы жалғыз баспанасын  сатып, 23 млн теңге салған. Ол сауда орталығындағы қымбат безендірілген жарнаманы көріп сеніп қалдым,-дейді. Енді ол пәтерді жалға алып тұрып жатыр.

Әсел Үмбетәлиева, жәбірленуші:

- «Пәтерде бәрі дайын болады. Тек кіріп, тұра бересіз. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп әуре болмайсыз.Тұрмыстық техникаға дейін қойып береміз» деді. Соған  қызығып қалдым, себебі жөндеумен айналысқым келмеді. Бірден кіре салғым келді. Тұрып жатқан пәтерім ескі болған. Соны сатып  ақшаны компанияның шотына аудардым. Әрине, барлық құжаттарын көрдім. Тағы сертификаттары болды. Кейін бірақ білдім бәрі жалған екенін. 

Уәде орындалмаған соң құрылысты көруге келген үлескерлер бетон қаңқа мен суға толы жертөлеге тап болады. Алматылық Бағдат Сәбитова 24 млн теңге құйыпты. Біраз ақшаны туыстары мен достарынан қарызға алып санап берген.  Қазір дауласып жүріп 5 млн теңгесін ғана қайтарып алыпты.  

Бағдат Сәбитова, жәбірленуші:

- Мен  өзім басқа үлескерге әлдеқашан сатылып кеткен пәтерді сатып алыппын. Осы тұрғын-үй кешенінің үлескерлерін тапқаннан кейін мен алған пәтердің басқа адамға да сатылғанын білдім. Сол кезден бастап құрылыс неге жүрмей жатыр деп шу көтере бастадық. 

Басқа үлескерлер де 20-дан 50 миллион теңгеге дейін қаражат құйған. Күдікті үш адам қамауда отыр. 2020 жылы Ағыбаев екі сыбайласы Шыңғысхан Мұса және  Мұрат Мұсамен бірге PineHill және SkyClubHouse тұрғын үй кешенінің құрылысына кіріседі. Бірақ бұл жерлерде көпқабатты үйлер салуға тыйым салынған. Олар алдын ала келісім-шарттар бойынша  жоқ пәтерлерді сатқан. Барлығы екі тұрғын үй кешенінен  50 пәтер сатылған.  Жалпы үлескерлердің шығыны  1 миллиард 150 миллион теңгеге жуық. Айыпталушылардың бірі  Бауыржан Ағыбаевтың  адвокаты қорғауындағы адамның  кінәсін мойындамайтынын айтады. Оның пікірінше, құрылыстың аяқталмай қалуына компания емес, Ағыбааевтың екі жыл бойы қамауда отырғаны кедергі келтіріп отыр. Ол бір пәтерді бірнеше рет сату дерегін де жоққа шығарды. 

Азамат Бәйкенов, Б. Ағыбаевтың адвокаты: 

- Менің қорғауымдағы азаматтың бұл келісім-шарттарға қатысы жоқ. Ол еш жерге қол қоймаған, ол жерде басқа директор болған. Солар алдымен бір адамға пәтер сатқан. Кейін келісім-шартты бұзу туралы өтініштер түсе бастаған. Келісім-шарт бұзылса, пәтер босайды, сондықтан олар оны басқа адамға сатқан. Бұл қалыпты нәрсе.  

Қала құрылысын бақылау басқармасы  PineHill және SkyClub House кешендерінің заңсыз салынғанын растады. Құрылыс салушы тек Ерменсай шағын ауданынан екі қабатты ғимаратқа  рұқсат алған. Бірақ іс-жүзінде үш қабатты үйді сала бастаған. Бұл жоспардан тыс тексеру кезінде анықталып, иесіне әкімшілік жаза қолданылған. Ал 2022 жылы Алматы қалалық соты заңсыз салынған үшінші қабатты бұзуды міндеттеді.

Жарқынбек Көкен, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы  басшысының орынбасары:

- PineHill  тұрғын үй кешені бойынша тексеру жүргізілген болатын. Тексеріс барысында эскиздік жобадан бірнеше ауытқулар нұсқама берілген болатын. SkyClub House  тұрғын үй кешені бойынша бұл жерде бізде жекеменшік серіктестік  ABS Park  болып табылады. Бұл жерде де құрылыс сараптаманың ешқандай қорытындысын алмай және техникалық авторлық қадағалаусыз басталған бұл жерде құрылысы 2023 жылдың 3 қарашасында Алматы қаласының мамандандырылған соты толықтай біздің нұсқаманы қанағаттандырды. 

Қылмыстық іске қатысты сот отырысы бір жылдан бері жүріп келеді. Жәбірленушілер тұрғын-үй құрылыс кооперативіне біріккен. Олар құрылыс компаниясына тиесілі жер телімдерін кооперативке беруді қалайды.  Осылай ғана құрлысты аяқтауға болады, дейді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz