Кейінгі 5 жылда елде 43 адам мұз астына түсіп, мерт болған. 100-ден астамына көмек дереу жетіп, құтқарылған.
Мұның бәрі әрине, абайсызда болатын жайт. Әйтпесе қақаған қыста адам өздігінен мұз үстіне шықпайды. Дегенмен Есілді жағалаған балықшылар үшін қауіп көп. Бірақ көбісі сол қауіпсіздікке мән бермейді.
Қазір сынап бағанасы -13 градусты көрсетіп тұр. Бұл мұздың қауіпсіз екенін білдірмейді. Себебі кейбір қар басқан жерлердің асты жұқа болуы мүмкін.
Астаналық құтқарушылар әдеттегідей мұздың қатуы бойынша кезекті рейдке шығып, тексеріс жүргізді. Әсіресе осындай қыс енді басталған тұста балық аулайтындар басты назарда. Олар ереже бойынша мұз қалыңдығы 25 см-ден аспаса арнайы құралдар мен құтқару кеудешесін алып жүруге міндетті.
Данияр Тәжібаев, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:
- Астана қаласының өзінің ауа райына байланысты әрдайым жел соғып тұрады. Жел соққаннан мұз бетіне қар жиналады. Сондықтан қауіпті жерлер көп көріне бермейді.
Балықшы:
- Балықшылар демалыс күндері көп келеді. Әрине, бәрі бірдей қауіпсіздікті сақтай бермейді. Өз басым құтқарушылардың айтқанын екі етпей, қажетті жабдықтарды өзіммен алып жүремін. Ысқырық, арқан, құтқару кеудешесі барлығы бар. Қанша дегенмен қауіпсіздік бірінші орында ғой.
Сондай-ақ қала тұрғындарына мұз үстінде от жағуға, 20 см-ден аз қашықтықта 2 ойық жасауға қатаң тыйым салынған.
Мейіржан Есенбеков, құтқарушы:
- Күнделікті рейд жүргізіп отырамыз. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Біз мұз үстінен ешкімді қуаламаймыз. Жай ғана түсіндіру жұмыстарын өткіземіз.
Данияр Тәжібаев, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:
- Қазір мұздың қалыңдығы 15-20 см аралығында. Адамдардың толық салмағын 10-12 см-ден асқанда ғана көтере алады.
Есілде мұз біркелкі қатпайды. Яғни ағыс аймақтары мен көпірлердің қасында және жылы су төгілетін орындарда жұқа болады. Сондықтан аяз қанша көтерілгенмен мұз қатты деп, еркін жүру қауіпті дейді құтақрушылар. Статистикаға сүйенетін болсақ, елде қараша-желтоқсан айларында 11 адам құтқарылған. Оның 7-уі бала.
Авторлары: Мерей Қанапия, Арман Ақшабев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мұз #қауіпсіздік #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz