Елорданың сол жағалауын қарасаң көз тояды. Зәулім ғимарат, таза көше қаланың көркін кіргізіп тұр. Ал оң жағалау ше?
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөнінде кеңес өткізді. Орталықты үлде мен бүлдеге орай бермей, шеткері аудандарға көңіл бөлу керек деді. Иә, шаһардың жай-күйі жақсарып келеді. Тіпті шетелдік сарапшылар елорданы мықты мегополистердің қатарына қосыпты. Бірақ Президент бұған тоқмейілсуге болмайды дейді. Себебі әлі кептеліс пен коммуналдық мәселе жетерлік.
Сөзімізді статистикадан бастайық. Былтыр Астанада өндіріліген өнім көлемі 32 млрд доллар болды. Ал биыл бұл көрсеткіш 35 млрд долларға жетуі мүмкін. Қаладағы халықтың ресми саны 1,5 млн-нан енді асқанын ескерсек, «бұл – жақсы көрсеткіш» - дейді сарапшылар.
Оған қоса сауда көлемі 10 триллион теңгеден асты. Өңдеу өнеркәсібі өнімі 3 триллион теңгеге жуықтады. Бюджетке 4 трлн теңгеден аса салық түсті. Қысқа мерзімге арналған экономикалық индикаторы жоғары, тұрғын үй құрылысы қарқынды.
Биылғы 11 айдың көрсеткіші:
Сауда көлемі - ₸10,8 трлн
Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі - ₸2,8 трлн
Қала бюджетіне түскен салық - ₸4,3 трлн
Экономикалық индикатор - 118,6%
Тұрғын үй құрылысы - 5 млн-ға жуық м²
«Бұл сандар шетелдік сарапшылардың есебінде де тұр. Oxford Economics әлемдегі ең ірі мың қаланы салыстырып, елорданы 276-орынға қойды. Тұрғындардың тұрмысы жақсы, тұруға жайлы», - дейді олар. Бұл тұрғыда Қазақстанның Астанасы Түркия, Ресей, Бразилия сынды елдердің бас қаласын артты қалдырды. Президент әкімнің жұмысына жоғары баға беріп отыр, бірақ міндет те аз емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек. Сондықтан дәл осы индекс бойынша келесі жылы Астананың өз рейтингісін жақсартуға мүмкіндігі бар деп есептеймін. Соның арқасында біздің Азиядағы рейтингіміз де артады. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын.
Кептеліс қалай шешіледі?
Міне, Астана адамы аз жансыз қаладан тіршілігі қызған жайлы қалаға айналып шыға келді. Алыс-беріс, барыс-келіс көбейген сайын, проблемалар да пайда болуы заңдылық. Сол келеңсіздіктің бірі - кептеліс. Президент жол сапасына назар аударып, қоғамдық көліктердің санын көбейтуді тапсырды. Тәуелсіздік даңғылын ұзарту керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет.
Президент экосаябақтар ашуды тапсырды
Астанада кейінгі екі жылда көптеген қоғамдық кеңістік пайда боЛып, жасыл желек артты. Мұны тұрғындар оң бағалап отыр. Бірақ Президент шеткері аудандарды ұмытпау керегін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қаланы безендіру жұмыстарына бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады. Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің басын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабылдаймын. Түптің түбінде, Отанды сүю – ортақ борыш. Сондықтан оң жағалаудағы сауда, өнеркәсіп орамдары мен тұрғын үй алаптарын жаңарту жұмыстарын жандандырған жөн.
Жергілікті тұрғындар демалыста Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түсіп жатыр. Осыған байланысты, Қасым-Жомарт Тоқаев Астана маңайында экосаябақтар ашу керек деді. Бұл тапсырма Үкіметке жүктеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл стратегиялық сипаттағы міндет. Оның орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалауда ұстайды. Дегенмен бізге тез шешім қабылдап, әрі сапалы жұмыс атқару қажет. Ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қараңыздар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүлдіріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой.
Иә, тазалыққа қатысты сын көп. Елорда үшін қоқыс та, сол қалдықты тастайтын салақ тұрғыныдар да - мәселе. Осы орайда қайта өңдеу көрсеткішін арттыру тапсырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды.
Жаңа әуежай салынуы мүмкін
Ал енді ірі жобаларды жіпке тізейік. Қалада жаңа әуежай салынуы мүмкін. Бұл - көлік-транзит әлеуетін арттырады. Алдағы уақытта Үкімет әкімдікпен бірге мұқият пысықтап, нақты ұсыныс беруі керек. Президент авиаотын жетіспеушілігін де айтты. Осы ретте жаңа мұнай өңдеу зауытын салу туралы бастама көтерді. Кейін коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек. Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын.
Биыл 5 млн шаршы метр үй салынғанын айтық. Осы ретте Президент «санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар» деді. Құрылыстың сапасына селқос қарауды қылмыспен теңеп, бұған жол беруге болмайтынын жеткізіп, құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет. Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек.
Токио тәжірибесі енгізіледі
Айтылған ұсыныс көп. Соның бәрін тиімді жүзеге асыру үшін басқарудың тың тәсілі керек екені анық. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония тәжірибесіне назар аударуға шақырды. Әкімдік жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керек. Токиодағы Smart City жобасының озық шешімдерін енгізу керек. Жапондар тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Жоғарыда айтылған барлық бастаманы басқару һәм бақылау осы бір жүйенің ішіне сыйып кетеді. Бұл тәжірибе де елорданы жаңа белеске шығарады деген сенім бар.
Авторы: Бекзат Аманов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #президент #қала #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz